ҚМДБ төрағасы студенттерге дәріс оқыды (ФОТО)

13 қазан 2021 3198 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістандағы жұмыс сапары аясында Қ.А.Ясауи атындағы университет студенттеріне дәріс оқыды.

Бас мүфти ең алдымен ҚМДБ-ның қазіргі таңда атқарып жатқан жеті жұмыс бағытына ерекше тоқталды. Оның ішінде Ихсан ілімінің орны айрықша екенін атап өтті.

«Біз бабаларымыздан жалғасып келе жатқан Ихсан ілімін насихаттауға ден қойып отырмыз. Бұл – дініміздегі үш тұғырдың бірі, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз, Абай, Шәкәрім аталарымыз ұстанған жол. Біз сол ілімді насихаттауды бастадық. Ихсанның түп негізі – Алланы көріп тұрғандай, қорыққан күйде құлшылық ету. Тағы бір мәні – біреуді ренжітпеу, көркем мәміле жасау. Сондықтан осы сипаттарға сай болу үшін әрекет етуге тиіспіз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ кездесуге университет ректоры Жанар Темірбекова, вице-ректор Асхат Тұрғанбаев, оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Білім ордасының басшысы Жанар Амангелдіқызы Бас мүфтиге ризашылығын білдіріп, жаңадан ашылған Теология факультетін бірігіп көтеру, ортақ жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Ал ҚМДБ Төрағасы дінтану мамандығын дамытуға, кітапхана қорына Діни басқармадан шыққан кітаптарды беруге уәде етті.

Дәріс соңында университет ректорына және кітапханаға «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру