ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСТЫҚ МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

24 ақпан 2023 2415 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ұлытау облысына барған жұмыс сапарында Жезқазған қаласындағы орталық мешітте жұма уағызын айтты.

«Кісі ақысын жеу – үлкен күнә» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Дініміз Ислам тыйым салған ауыр күнәлардың бірі – кісі ақысын жеу. Ғалымдарымыз бұл күнәны серік келтіруден кейінгі үлкен күнәға жатқызған. Себебі, адам ақыретке кісі ақысын арқалап баратын болса, ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі құлды Алла Тағала да кешірмейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында: «Бір-біріңнің малыңды нақақтан-нақақ жемеңдер. Сондай-ақ, адамдардың малының бір бөлігін негізсіз жейтіндеріңді біле тұра, билерге пара беруге тырыспаңдар», – деп айтқан.

Халқымыз ұрпағына: «Ешкімнің ала жібін аттама» деп, өзгеге қиянат жасамауды, зиян бермеуді, ақысыз мал-дүниесіне қол салмауды кішкентайынан үйретіп, құлағына құйып өсірген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім бір қарыс жерді зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойнына жүктеледі», – деп ескерткен» деді.

ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін Жезқазған мешіті жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

\

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру