Қорытынды: Сапардың сәулелі сәттері (ФОТО)

06 маусым 2020 5352 0
Оқу режимі

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына ресми сапармен барды.

Маңғаз Маңғыстау сапары аймақ басшысы Серікбай Өтелгенұлымен кездесуден басталды. Кездесуге ҚМДБ тарапынан Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Ізімбайұлы қатысты. Облыс басшысы киелі мекен – Маңғыстауға іс-сапармен келген Бас мүфти бастаған делегацияның қадамын жақсылыққа балап, игі ниетін жеткізді.

Ресми басқосуда өңірдегі діни ахуал сөз болып, дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру, оларға әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызы талқыланды. Сонымен қатар жастар арасында діни оңалту жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселесі де назардан тыс қалмады.

Серікбай Өтелгенұлы ізгілік жолындағы бастамалар мен игі қызметте жүрген имамдарды қолдау ортақ іс екенін жеткізді. «Маңғыстау облысындағы діни ахуал – менің жіті назарымда. Сондықтан осы өңірдегі имамдардың білімін шыңдап, тәжірибесін арттыруға маңыз беріп келемін. Ендігі мақсат – елдің игілігі мен халықтың болашағы жолында бірлесе отырып қызмет ету. Осы бағытта сіздермен ынтымақтаса отырып, ортақ шараларды атқарудың маңызы ерекше», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында тараптар діни саладағы жобаларды жүзеге асыруға, діни оңалту шараларында ынтымақтастық танытуға уағдаласты.

Облыс әкімінің ресми қабылдауынан кейін Бас мүфти Ақтау қаласында имамдарға дәріс оқып, діни салада жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.

«Зияткер имам келбеті» тақырыбында өрбіген дәрісте ҚМДБ Төрағасы дін қызметкерінің жауапкершілігіне тоқталды. «Имамның әр сәті – жауапкершілік. Өйткені біз Алланың аманатын арқалап жүрген жанбыз. Халықты имандылыққа үндейтін имамның бойында ізгілік құндылықтары үнемі көрініс тауып отыруы тиіс. Өзара ұйымдасып дінге, халыққа қызмет етуде ыждаһат танытып, белсенді болыңыздар. Халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Адамның алғысын алған пенде Алланың да ризалығына бөленеді. Баршаңызды жұртқа жақсылық жасауда өзара жарысуға шақырамын» деді Бас мүфти.

Сонымен қатар ол дәрісте дін қызметкерлерін әлеуметтік желінің әлеуеті мен игілігін тиімді пайдалануға үндеді.

Осы кездесуден кейін Бас мүфти Шопан ата, Бекет ата зираттарында болып, әулие бабаларға зиярат жасап, Құран бағыштады. Зиярат жасау барысында жергілікті имамдармен сұхбаттасқан Наурызбай қажы Тағанұлы: «Бір ғұлама «Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген екен. Біз жастарды құлшылыққа құлшындырып қана қоймай, оларды тарихымызбен де тәрбиелеуіміз керек» деді.

Сапардың екінші күні Наурызбай қажы Тағанұлы Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Оңғарбайұлымен кездесіп, өңірдегі діни ахуалды талқылады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің діни қызметінде 4 бағытқа басымдық береді. Соның бірі – жастарды жат ағымның арбауынан сақтап, оларға діни оңалту жұмыстарын жүргізу. Жасыратыны жоқ, кейде осы өңірдегі кейбір жекелеген азаматтар мүфтият пәтуасына қайшы амалдарға барып қояды. Осы өңірге ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің бірнеше ғалымын әкеліп, түсіндіру жұмыстарына кірісіп кеттік. Өзім де жекелей кездесулерге қатысып, мүфтият ұстанымы мен мемлекет талабын түсіндірдім. Осынау шараларға әкімдік тарапынан да тиісті қолдау қажет» деді Бас мүфти.

Өз кезегінде қала басшысы Мақсат Оңғарбайұлы ортақ іске әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Үлкеннің батасын алып, алғысына бөлену – дініміз бен дәстүрімізде бар құндылықтың бірі. Алла Тағала ата-ананың ақысы мен құрметін Өзінен кейінгі орынға қойған. Сапар аясында Бас мүфти Жаңаөзен қаласында біртоп қариямен кездесіп, сұхбаттасып, ақсақалдың ақ батасын алды.

Осы сәулелі сәттен соң Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарманың 30 жылдық мерейтойына орай 30 студентке қолдау көрсету игі жобасы аясында Жаңаөзен қаласында қос шәкіртке білім грантын табыстады. ҚМДБ білім грантын иеленген қос шәкірттің бірі – Айдос Болатұлы – «Нұр-Мүбәрак» университетінің бірінші курс студенті, екіншісі – Қуаныш Сайдолла – Алматыдағы «Әбу Ханифа» медресе-колледжінің екінші курс шәкірті.

Сапар тағы бір сауапты амалға ұласты. Бас мүфти жастайынан тағдыр тауқыметін тартып, сынаққа душар болған Жаңаөзен қаласының тұрғыны Серік Сағызбаевты ерекше қуанышқа бөледі. Оған жаттығу жасауға арналған велосипедті өз қолымен табыстап, Алладан шипа сұрап, дұға жасады. Қуаныштан көзіне жас алған Серіктің анасы алғысын айтып, батасын берді.

Осыдан кейін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы «Миғраж» мешіті ауласында салынған тұрғын үйдің ашылу салтанатына қатысып, баспаналы болған 8 дін қызметкерін жаңа қонысымен құттықтады.

«Адам баласы үшін баспананың орны ерекше. Үй – шаршағанда тынығатын, құлшылық жасап, дұға ететін, бала-шағаңмен қауышып, қуанышқа бөленетін, қонақ күтіп, батасын алатын мекенің. Сондықтан осы үйді игілікке пайдаланып, Алла жолында аянбай қызмет етіңіздер» деді.

Осынау қуанышты сәттен соң Бас мүфти 6 жасар Жігер Берікбайұлымен кездесті. Зерек баламен сұхбаттасып, оны мақтау қағазымен марапаттап, сыйлығын табыстады.

Наурызбай қажы Тағанұлы сапар жоспарына сәйкес «Миғраж» мешіті ауласында салынып жатқан спорт кешенін аралап, құрылысымен танысып: «Жамағатты бір мақсатқа жұмылдыратын сауапты һәм салауатты шаралар көп. Соның бірі – спорттық шара. Дін қызметкерлері салауатты өмірдің насихатшысы да болуы қажет» деді.

Сапар «Үммет жастары» қайырымдылық қорының жұмыс есебін тыңдаумен жалғасты. Бас мүфти қордың еріктілер тобына айрықша алғысын білдіріп, батасын берді. «Үммет жастары» осыған дейін 10 отбасыға баспана кілтін табыстап, 4 мыңға жуық жанұяға қайырымдылық көмек көрсеткен.

Осыдан кейін Мұнайлы ауданындағы «Жанұя орталығында» болған Бас мүфти орталық қызметкерлеріне: «Расында ата-ана – балаға мәңгілік медресе. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тұжырымды сөз бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие», – деген. Бір ғұламаның: «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан да қымбат» деген сөзі бар. Бала тәрбиесіне үлес қосып жатқан сіздерге Алла разы болсын» деген тілегі мен насихатын жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру