«ҚҰРАН – СӨНБЕС СӘУЛЕ, ЖАРЫҚ НҰР» АТТЫ ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСУ МЕРЕКЕЛІК ШАРАСЫ ӨТТІ (ФОТО)

16 қаңтар 2024 2341 0
Оқу режимі

Бүгін «AQ MESHIT» мешітінде Құран әліппесін аяқтап, тәжуидке түскен бүлдіршін шәкірттер мен апалардың әліппемен қоштасу шарасы өтті.

«Құран – сөнбес сәуле, жарық нұр» атты мерекелік сарында өткен шараға мешіттің бас имамы Дәурен Мүслимов, ҚМДБ Астана қаласы өкілдігі Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Эльмира Бұхарбаева қатысты. 

Шараның басты мақсаты бүлдіршіндердің көңіліне Құранға деген махаббатты ұялатып, көңілдерінде әдемі естелік қалдыру, сондай-ақ Құран тәжуидіне түскен апа-қарындастарымызды одан әрі шаршамай сауат ашуға ынталандыру, талаптандыру. 

Жиынның шымылдығы нақышына келтіріп оқылған Құран сүресімен ашылды. Сонан соң бас имам Дәурен Мүслимов құттықтау сөзін айтып, бүлдіршіндерге алғыс хат сыйлап, тақия кигізіп, Құран кітабын сыйлады.

Ал ҚМДБ Астана қаласы өкілдігі Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Эльмира Бұхарбаева  көзінің майын тауысып қасиетті кітапты оқуды үйреніп жүрген қарт апа-әжелер мен ересек шәкірттерге әрі қарай да білім жолында талаптануға шақырып, алғыс хат пен Құран кітабын табыстады.  

Шараны ұйымдастырған «AQ MESHIT» мешітінің ұстазы Айгүл Битасқызы бұл шараның мақсаты Құранға түскен апаларымыз бен бүлдіршін қыздардың ынтасын арттырып, ары қарай талаптанып, білім алуға шақыру екенін айтып.  

Бүгінгі күні «AQ MESHIT» мешітінің қыз-келіншектер жамағатынан әр түрлі жастағы 50 шәкірт Құран әліппесімен қоштасып, тәжуидке түсті.

 

Пікірлер Кіру