Құрбан шалуға қатысты туындаған түйткілді мәселелер бойынша ҚМДБ түсіндірмесі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғам алдындағы негізгі 4 қызметінің бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. ҚМДБ көмекке мұқтаж жандарды қолдау, қауіпті індетті алдын алу мақсатында WWW.QURBAN2020.KZ сайтын іске қосты.
Жоба мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну, т.б. Осы ретте төмендегі жайттарды қосымша түсіндіріп отырмыз.
Біріншіден, бұл – уәкілдік құрбандық. Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайда бір істі орындауға мүмкіндігі болмай қалады. Осы кезде біреудің көмегіне жүгінеді, яғни сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизам (одан Алла разы болсын) арқылы құрбандық сатып алуға тапсырыс береді. Біз осы оқиғадан шариғат бойынша уәкілге тапсырыс беру арқылы құрбан шалдыруға болатынын анық аңғарамыз.
Карантин жағдайында қалада тұрып жатқан азаматтар үшін қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру – оңтайлы шешім.
Екіншіден, ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіземіз.
Үшіншіден, ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет). Ол үшін мал-дүниесі нисап мөлшеріне жету қажет, яғни кемінде 40 қойы немесе 30 қарамалы немесе 5 түйесі немесе қажеттілігінен артық 85 гр алтыны (1 млн 285 мың теңге) болу керек. Шариғатымыз мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы жоқ мұсылманға құрбан шалуды міндеттемейді.
Төртіншіден, бүгінде республика бойынша құрбандық етін алуға өтініш білдірген адам саны құрбан шалуға тапсырыс берушілерден бірнеше есе асып түсті. 2020 жылдың 29 шілдесіндегі сағат 10:00 бойынша нақты ресми статистикалық мәлімет мынадай: WWW.QURBAN2020.KZ сайтына құрбан шалуға тапсырыс бергендер саны 906 адам, ал құрбандық етін алуға өтініш білдіргендер саны 12 929 адам.
ҚМДБ бұл жағдайға қарамастан тәуекелді түрде шешіп қабылдап, ең бастысы Алла разылығы үшін ет алуға өтініш білдірген азаматтардың өтініш хатын қабылдау жұмысын тоқтатқан жоқ. WWW.QURBAN2020.KZ сайты қайырымдылық жасау бағытында ашылды. Сондықтан бұл жобаны жоғары деңгейде жүзеге асыру – үлкен сауапты істің бірі.
Бесінші, ҚМДБ қаржыға араласпайды. Мал бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетілді. Еліміздің әр аймағындағы малдың бағасы әртүрлі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарындағы мал бағасы әртүрлі деңгейде. Жағдайға байланысты қолжетімді бағамен тоқтыны да құрбандыққа шалуға болады.
Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.
Алтыншы, сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Бұл жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Жобаның басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату.
Жетінші, аталған жоба санитарлық талаптарды сақтай отырып, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауды көздейді. Сонымен қатар жоба мақсаты – көмекке аса зәру азаматтарды қолдап, оларға ұлық мейрамда қуаныш сыйлау, аз да болса қайғы-мұңын сейілту. Құрбандық шалудың негізгі мәні осы.
Құрбандық етін мұқтаж жандарға үлестіру арқылы мұсылмандар арасында махаббат пен сүйіспеншілік артады. Сонымен қатар өзінің бойындағы қатыгездік, сараңдық сынды сипаттардан арылып, оны мейірімділік, жомарттық, кішіпейілдік қасиеттерге ауыстырады.
Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, сауабын арттырсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әмин!
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі