QURBAN2021: 32 896 отбасыға құрбандық еті жеткізілді (ФОТО)

22 шілде 2021 4372 0
Оқу режимі

Қасиетті Құрбан айттың екінші күнінде де еліміз бойынша құрбан шалу рәсіміне қатысты ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары жоғары деңгейде өтті.

Үйлестіру жұмыстарына бекітілген ҚМДБ қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, өз міндеттерін тиісті деңгейде орындады. Жұмыс барысында санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланды.

Мұсылман қауымының ұлық мейрамында қайырымдылық шарасын жандандыра түсу мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобы Құрбан айттың екінші күні республика бойынша 32 896 мұқтаж отбасыға құрбандық етін жеткізді.

Еліміз бойынша www.qurban2021.kz сайтына қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берген азаматтардың уәкілдік құрбандығы толығымен орындалды. Осы уәкілдік құрбандығының есебін қажет еткен жандарға атқарылған іс-шаралардың фото, видео мәліметі толық жіберілді.

Айттың екінші күні qurban2021.kz сайты арқылы құрбан шалуға 2 724 тапсырыс келіп түссе, республика көлемінде 4246 қой, 219 ешкі, 523 сиыр және 6 түйе сойылыпты.

Еске салайық, айттың бірінші күні (20.07.2021) ҚМДБ-ның аймақтағы өкілдіктері көмекке зәру 40 156 отбасыға құрбандық етін жеткізіп, мерекелік қуанышқа бөлеген болатын. Жалпы алғанда, яғни, барлық облысты қамтығанда Құрбан айттың екі күнінде 73 052 жанұяға ет жеткізілді.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қайырымдылық шарасына белсенді түрде атсалысып, мұқтаждың мұңын бөлісіп, сауапқа үлес қосқан барша азаматтарға, сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына айрықша алғыс айтамыз.

Алла Тағала жасаған қайырымдылықтың қайырын өздеріңізге еселеп қайтарсын деген дұға-тілектеміз.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру