РАМАЗАН – РУХАНИ КЕМЕЛДЕНУ АЙЫ
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
Қадірлі отандастар!
Сіздерді исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен береке, бақыт пен шаттық тілеймін! Рамазан айы құтты болсын!
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.
Рамазан айының қадірі мен қасиетін терең түсінген ізгілер оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға жасаған. Сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтеді. Сауаптар еселеніп жазылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға пітір садақасын үлестіріп, үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысады. Оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амалдар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген ұлы сыйы, нығметі. Қасиеті мен шарапаты мол айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, жан-дүниемізді тазартуға тырысқан абзал. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген.
Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай.
Рухани кемелдену айы – Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылуды көздеген адам әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттерін кешіріп, сыпайы түрде «мен оразамын» деп кешірім жолын ұстанады. Кісінің кемшілігіне сабыр ету де – үлкен сауап. Алла Тағала «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деген.
Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ. Алла Тағала құдси хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деген.
Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі, сауабы мол айда Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі амалымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Жаратушы Жаббар Иеміз келер жылғы ораза айына аман-есен жетуімізді нәсіп еткей! Әмин!