РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаев Елордаға келді (ФОТО)

14 маусым 2019 9725 0
Оқу режимі

ҚМДБ жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, елімізге белгілі дінтанушы ғалым Арман Қуанышбаев бүгін Нұр-Сұлтан қаласына ат басын тіреді. Ресми іссапар аясында уағызшы ғалымның бірнеше кездесулер өткізіп, Елорда мешіттерінің жамағатымен жүздесуі жоспарланған.

РАНТ мүшесінің құлшылық ордаларындағы кездесуі «Ырыскелді қажы» мешітінен басталды. Ел астанасының ажарын арттырып, өзінің айрықша сәулетімен ерекшеленген құлшылық ордасына бесін намазынан соң бас сұққан ғалым жамағатпен жүздесіп, «Ханафи мәзһабының маңыздылығы» тақырыбында тұшымды уағыз айтты. Кездесу соңында РАНТ мүшесіне жамағат тарапынан сұрақтар қойылып, толыққанды жауаптар берілді.

Айта кетейік, бекітілген жоспар бойынша ғалым Арман Қуанышбаев қасиетті жұма күні республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде жұма уағызын жүргізіп, екінті намазынан соң «Нұр-Астана» мешітінің жамағатымен жүздесетін болмақ.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру