РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЕЛОРДА ИМАМДАРЫ АРАСЫНДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР СПАРТАКИАДАСЫ ӨТТІ

24 қазан 2026 179 0
Оқу режимі

25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлының басшылығымен «Дін мен дәстүр» және Жастар ісі секторы бағыты аясында елорда мешіттерінің имамдары арасында ұлттық ойындар спартакиадасы ұйымдастырылды.

Спорттық додада қатысушылар асық ату, садақ ату, қол күрес, гір көтеру, ләңгі тебу және арқан тарту түрлері бойынша бақ сынады. Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыста имамдар ептілік, мергендік, күш пен төзімділік танытып, командалық ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.

Қала бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы ұлттық ойындардың маңызына тоқталып, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.

«Баршаңызға Республика күні мерекесі құтты болсын. Бүгінгі сайыс сол мерекенің құрметіне ұйымдастырылып отыр. Халқымызда «Тәні саудың – жаны сау» деген жақсы сөз бар. Дін қызметкері үшін рухани біліммен қатар денсаулыққа көңіл бөлу де маңызды. Ал ұлттық ойындар – халқымыздың бай мұрасы мен салт-дәстүрін дәріптейтін құндылық. Мұндай жарыстар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға, әріптестер арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Барша қатысушыларға белсенділіктері үшін алғыс айтамын. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге береке тілеймін», – деді бас имам.

Спартакиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру