РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

25 қазан 2026 50 0
Оқу режимі

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти 

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға бірлік пен береке, қуаныш пен мереке тілеймін!

Республика күні – рухымызды көтеріп, егемен елдің еңсесін тіктейтін сәт. Бұл уақытта өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Өйткені егемендік – ел үшін жанын берген ерлердің ерлігімен келген ұлы күн. Оны бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс.

Отанды сүю тек сөзбен емес, нақты іспен көрінуі керек. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

«Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген,
Не тындырдың «басымды иемменен»?
Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой
Отан үшін өлемін, күйем деген» деп жырлайды.

Асыл дініміз Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі. Олар – Отан, дін, ұят, жан, дүние. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар тіпті шейіт саналады. Алла Тағала еліміз бен жеріміз үшін шейіт болған ата-бабаларымызды рақымына бөлегей.

Егемен еліміздің болашағы жарқын, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әумин!

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру