Республикалық Құран жарысына қатысатын Елорда қарилары анықталды (ФОТО+ВИДЕО)
Бүгін ел астанасында қасиетті Құран кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ІХ Республикалық Құран жарысының Нұр-Сұлтан өкілдігі бойынша іріктеу сайысы өтті. Айтулы шараға Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 25-ке жуық үміткер қатысып, «Әлжан ана» мешітін қасиетті Құран үнімен нұрландырды. Төрт аталым бойынша («10 пара», «20 пара», «30 пара» және «мәнерлеп оқу») сынға түскен жас өрендер көрермендердің ризашылығына бөленіп, бірінен бірі озған білгірліктерімен қазылар алқасының да жұмысын қиындата түсті.
Дегенмен, сайысқа төрелік жасаған елімізге белгілі Құран білгірлері Жұманазар Садырханов («Әзірет Сұлтан» мешіті), Нуреддин Абдусамадұлы («Ғылмани» мешіті), Қадыршаев Абдульбасит («Әл-Ғани» мешіті) сынды қарилар қатысушылардың дайындығын қапысыз тексеріп, шын үздігін анықтауға барын салды. Әр үміткерге сайыс шарты бойынша қосымша сұрақтар қойылып, қырағаты мен жаттау қабілеті жан-жақты тексерілді.
Сайыс қорытындысы бойынша 21 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ІХ Республикалық Құран жарысында Елорда өкілдігі атынан Қосаев Мұхаммед («10 пара»), Ерқанат Серікұлы («20 пара»), Дәукен Қайырбай («30 пара»), Еркінбек Мұсабектер («Мәнерлеп оқу») қатысатын болмақ. Іріктеу жарысының ІІ және ІІІ орын жүлдегерлеріне, барлық қатысушыларға «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Серікбай Әділханның ұйытқы болуымен арнайы сый-сияпат табысталып, қасиетті Құранға деген ынта-ықыластарына орай құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, қатысушыларға арнайы мерекелік дастархан жайылып, сауапты сайыстың соңы тағылымды отырысқа ұласты.
Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: muslim.kz