«СУДЫ ҮНЕМДІ ПАЙДАЛАНУ» ТАҚЫРЫБЫНДА КӨРКЕМ НАСИХАТ АЙТЫЛДЫ (ФОТО)

11 ақпан 2024 1805 0
Оқу режимі

Бүгін «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің ұжымы мешіт жамағатына апта сайынғы дәстүр бойынша ақшам намазынан соң ақ дастархан жайды. Дастархан басында мешіт азаншысы Алтынбек Аманжолов жиылған жамағатқа «Суды үнемді пайдалану» тақырыбында көркем насихат айтты.

Насихат барысында ысырапшыл болмау керектігі, қолдағы ырысты қажетсіз бостан-босқа шашуға жол бермеудің, оның ішінде үнемдеудің бірден-бір жолы – шүмектегі суды босқа ағызуды доғару екені айтылды.

Ысырапшылдық – шайтанның досы делінген. Алла Тағала қасиетті Құранда «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Ысырап жасамаңдар. Шынында, Алла – ысырапшылдарды сүймейді» деп ескертеді. Ысырап – берекені азайтады. Үнемдеу, керісінше – берекені арттырады.

Сондай-ақ, насихат барысында пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен мысалдар айтылды. Сондай көркем мысалдың бірі: Сахаба Абдулла ибн Ъамр былай әңгімелейді: «Дәрет алып отырған Саъдтың қасынан Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өтіп бара жатып, оған: «Мына ысырап не?» - деді. Саъд: «Дәретте де ысырап бола ма?» - деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иә. Тіпті ағып жатқан өзенде дәрет алып тұрсаң да ысырап» - деді». Міне, ысырапшылдықтан қашу бізге пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қалған өнеге.

Тіс жуған кезде суды босқа сарылдатпастан шүмекті бірер сәтке жауып қоюды әдетке айналдырғанымыз абзал. Үнемдеу – дініміз бен ұлтымыздың үйреткен тәлімі. Олай етуіміз түкке тұрғысыз боп көрінуі мүмкін, бірақ ол – Алланың назарында үлкен нәрсе болуы мүмкін екендігін естен шығармауымыз керек.

Осы орайда, Құрандағы мына қатарға жүгінеміз: «Сендер оны жеңіл-желпі санайсыңдар. Ал ол, Алланың қасында - үлкен нәрсе» («Нұр» сүресі, 15-аят).

Осылайша бейсенбінің ақшам кешінде өзекті әрі пайдалы насихатпен сусындаған жамағат мешіт ұжымына зор алғыстарын білдірді. 

82c21be5 32ff 4233 8bf3 65a25a4a11db

c495acf4 f3e3 4b1f bbdb 1d54f79279cf
Дереккөз: ummet.kz

Пікірлер Кіру