«Сусағанға сусын бол!» акциясы өз мәресіне жетті (ФОТО)

04 маусым 2019 6531 0
Оқу режимі

Мінекей, қасиетті Рамазан айымен қоштасар сәт те келіп жетті. Бүгін – отыз күн оразаның соңғы ауызашары. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде ораза ұстаған жанның құрмамен ауыз ашқаны, құрма табылмаса сумен ашқаны абзал екенін өсиет екен.

Осыған орай ұйымдастырылған Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі «Сусағанға сусын бол!» қайырымдылық акциясы бүгін өз мәресіне жетті. Қасиетті ай бойы мешіт қызметкерлері мен шәкірттері құлшылық ордасында құрма таратып, жамағатқа сусын ұсынып келген болатын.

Рамазанның соңғы күні мешіт жастары құлшылық ордасына маңындағы аялдамаларды аралап, қоғамдық автобус жүргіншілеріне «рамазан сарқытын» сыйлады. Ұлық мереке – Ораза айт мерекесімен құттықтап, автобустағы барлық адамдарға құрма мен су үлестірген еріктілерге елдің де алғыс-батасы қардай жауды.

Ақшам намазының алдында ұйымдастырылған игі шара құлшылық ордасының ауласындағы жамағатты да қамтыды. Ақ жаулықты әжелеріміз бен ақсақалды қарияларымыздың батасына бөленіп, алғыстарын алған сайын еріктілер ең соңғы құрма мен су қалғанша зыр жүгіріп, қызмет жасауға құлшына түскендей.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру