«Тауаф» ішкі туризмді бастады (ФОТО)

20 қазан 2020 4398 0
Оқу режимі

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен тарихи-киелі орындарға шариғат талабы бойынша дұрыс зиярат жасаудың үлгісін көрсетіп, насихаттау мақсатында ҚМДБ «Тауаф» турфирмасы алғашқы сапарын Түркістан облысынан бастады.

Бұдан бұрын елімізде ішкі туризмді дамыту, оның ішінде тарихи-киелі орындарға тур ұйымдастыру қажеттігі жөнінде Бас мүфти бастамасына орай ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде «Тарихи киелі орындарға  саяхат жасаудың діни әдебі» атты арнайы ереже қаралып, пәтуа мамандарының қарауымен бекітілген болатын.

Аталмыш ереженің негізінде Түркістан бағытына ұйымдастырылған алғашқы сапарға Шымкент орталық мешіті жанындағы «Әжелер мектебіндегі» аналарымыз шығып, турфирманың Шымкент қаласындағы жетекші имамдары Азамат Әбдікәрімұлы мен Әлімжан Бекболұлы сол әжелер тобына жолбасшылық етті. Ұлттық нақыштағы кимешек киіп, салтанаты мен сәні жарасқан әжелер тобы туристер мен зияратшылардың қызығушылығын тудырды. 

Дін қызметкерлері зиярат  барысындағы ниет мәселесі, шариғат талаптарына қайшы қателіктерге ұрынбау сияқты мәселелерді айшықтап түсіндіріп, ел құрметіне бөленген әулие, абыз, ғұлама бабаларымыздың өмірлерінен ғибратты мағлұматтар берді. 

Алдағы уақытта діни қызметкерлердің жетекшілігімен облыстық, аудандық орталық мешіттер жамағаты арасынан тарихи киелі орындарға саяхат жасап, зиярат етуді қалаған кісілерге арнайы тур ұйымдастыруды Діни басқарманың төл турфирмасы қолға алмақ.

 

Пікірлер Кіру