ТӘУЕЛСІЗДІК ҺӘМ ТӘУБЕШІЛДІК

15 желтоқсан 2019 5943 0
Оқу режимі

Қадірлі жамағат!

Баршаңызды Алланың теңдессіз нығметі – Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Әр отбасына бақ пен береке, ырыс пен табыс тілеймін! Азат елдің арайлап атқан әр таңы қуаныш пен жақсылыққа толы болғай!

Аллаға шүкір, біздің басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз. Елдің амандығы мен жердің тыныштығынан, халықтың бірлігі мен бейбітшілігінен асқан құндылық жоқ. Біз қандай белесті бағындырсақ та, қандай асудан ассақ та, тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген жетістіктерге жеттік. Тәубе дейміз...

Бостандықтың қадірін босқын адам жақсы біледі емес пе? Жаратушы Жаббар Иеміз босқын жұрттың жағдайынан сақтасын. Біз азаттыққа небір нәубетті күндерді бастан кешіп, арпалысып, алысып жеткен халықпыз. Ендігі мақсат – тәуелсіздік туы астында бірігіп, ел игілігі мен халық бірлігі жолында қызмет ету. Осындайда: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген халық даналығы ойға оралады.

Біз Елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумында «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы құжатын қабылдадық. Осы тәлімдік құжаттың екінші ұстыны, яғни, әр мұсылманның тұлабойынан көрінуі тиіс қасиет ретінде «отаншылдық» ұғымын бекіттік.

«Отанды сүю – иманнан», – деген аталы сөз бар. Бұл – тілге жеңіл болғанмен, жүрекке жылы тиетін нақыл. Отбасын ізгілікке тәрбиелеу, елдің игілігіне қызмет ету, тұрақтылық пен тыныштыққа тілеулес болу, міне, Отанды сүю деген осыдан басталады. Отаншыл адам өз ортасын береке мен бірлікке бөлеп, ізгілікке үндеп жүреді.

Адамның жүрегі тыныштық тауып, тынығып та алатын, құлшылық та жасайтын мекені – өз үйі. Кез келген кісі өз үйінде өзін еркін сезініп, ерекше сезімге бөленеді. Мұндайда халық даналығы: «Өз үйім – өлең тесегім», – дейді.

Қай жерде, қай үйде үлде мен бүлдеге оранып, қошеметке бөленіп жүргенімізбен, өз үйімізге сағынышпен ораламыз. Өйткені, біздің жүрегіміз өз үйімізге байланған. Сол секілді, қаншама елді шарлап, саяхат жасағанымызбен, өз Отанымыздың қадіріне жетіп, ерекше сағынышпен кері қайтамыз. «Әр нәрсе өз негізіне, өз тұрағына қайтады», – деген тағылымды тұжырымның пәлсапалық мәні мен мағынасы осы болса керек...

Иә, расында, туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас. Бірде туған жері – Меккеден жырақтап бара жатқан ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім», – деген екен. Бұл – бізге үлкен сабақ. Пайғамбардың өнегелі өмірінен тәлім алған әр мұсылман өз Отанын қызғыштай қорғауы тиіс.  

Құрметті қауым!

Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Алла Тағала бірлігіміз бен берекемізді баянды етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, елдігіміздің іргесі берік болсын! Әмин!

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру