Түркия мүфтиі конференцияда баяндама жасады (ФОТО)

25 қараша 2021 2554 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан «Тәуелсіз Қазақстан және Ислам құндылықтары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Түркия Дін істері басқармасының басшысы, профессор Али Ербаш онлайн қатысып, баяндама жасады.

Қазақ елін тәуелсіздіктің отыз жылдығымен құттықтаған Али Ербаш конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеп:

«Біз – бір діннің, бір тілдің, бір тарихтың және бір географиялық аумақтың халқымыз. Біз – адамзат тарихының дамуына үлес қосқан ғұламалардың ұрпағымыз. Әділет пен мейірімділікті ту еткен бабалардың ізін жалғастырушылармыз. Қазақстан деген киелі мекенде әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи секілді түркі халқына ортақ ұлы тұлғалар өмір сүрген. Бұл ұлы есімдер тек қазақ халқын емес, күллі мұсылман әлемін қуаттап келеді. Қазақстан жері – тек түркі жұртының атамекені ғана емес, сонымен қатар достық пен тұрақтылықтың мекені.

Халықтың бірлігі мен болашағының нық болуы оның рухани құндылықтарына тікелей байланысты. Ол құндылықтарға сенім, тіл, мәдениет және тарих жатады. Тарихқа үңілетін болсақ, дінін жоғалтқан ұлт – барын жоғалтады, тілін жоғалтқан ұлт – болмысын жоғалтады, мәдениеті мен тарихын ұмытқан ұлт – жерін жоғалтады. Ел мерейі үстем болып, егемендіктеріңіз жасай берсін!» – деді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру