Түркия: ҚМДБ өкілі елшімен кездесті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркиядағы жуырда тағайындалған өкілі Абдурашид Қарабаев жуырда еліміздің Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиевпен кездесті.
Абдурашид Қарабаев елшіге ең алдымен ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, Рамазан айымен құттықтады. Сонымен қатар өкілдіктің «Талаба» қауымдастығы аясында атқарылатын бірқатар жұмыс жоспарын бөлісті. Кездесу барысында Еркебұлан Сәпиев ҚМДБ тарапынан тағайындалған жаңа өкіл Абдурашид Қарабаевқа сәттілік тілей отырып, бұдан әрі де бірге қызмет етуге шықырып, әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізді. Кездесу барысында білім алушы қазақстандық шәкірттер жайы да сөз болды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Түркия Республикасындағы «Талаба» студенттер қауымдастығының жаңа жетекшісі Абдурашид Қарабаев тағайындалған болатын. Абдурашид Қарабаев – жоғары білімді, білікті дін қызметкері. Алматы, Орал қалаларында имамдық қызмет атқарған. Қазіргі таңда Түркияның Конья қаласындағы «Нежметтин Ербакан» университетінде докторантурада білімін жалғастыруда.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі