ҰЛЫС ОҢ БОЛСЫН!

21 наурыз 2024 1581 0
Оқу режимі

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

  

Қадірлі қауым!

Сіздерді қасиетті Рамазан айымен қатар келген шуақты көктем мерекесі, күллі түркі жұртының төл мейрамы, жыл басымыз – әз-Наурызбен шын жүректен құттықтаймын!

Ізгілік пен бірлікке бастайтын мерекеде баршаңызға Алланың амандығын, отбасы бақытын, жанның саулығын тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Осынау ұлттық мейрамда ақ дастархан басында үлкендер батасын беріп, бірін-бірі көптен көрмеген туыстар мәре-сәре болып, ал ренжіскендер кешірім жолын ұстанып, ізгілікті істерімен ұрпаққа өнеге көрсетеді. Бұл күнде қоршаған ортаны тазалау, ағаш егу, бұлақтың көзін ашу сынды сауапты һәм салауатты амалдар жүзеге асады. Мұндай өнегелі іске өскелең ұрпақты араластырудың маңызы ерекше.  

Наурыз – барша адамзатты бірлікке, игілікке, мейірімділікке үндейтін мереке. Қараусыз қалған қарттарға қамқорлық жасап, науқас жандардың жағдайын сұрап, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау – сауапты іс.

Сонымен қатар ағайын арасында, қоғам ішінде көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын беруге асығайық. Бұл – тағылым мен тәрбиеге толы Наурыз мерекесін насихаттаудың үлкен мүмкіндігі.

Алыс-жақын жердегі ағайынды мерекемен құттықтап, әлеуметтік жағдайы төмен туысқандарға мүмкіндігінше материалдық тұрғыдан қолдау көрсеткеніміз абзал. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауапты істі өз отбасымыздан, айналадағы ағайын-туыстан бастауды өсиет еткен.

Бауырмалдық пен татулыққа үндейтін осынау шуақты мерекеде әр отбасыға бақыт пен бірлік, татулық пен бар жақсылықты тілеймін.

Мерекеде айтылған бата-тілек, әрбір жақсы сөзіміз бен дұғамыз қабыл болғай. Алла Тағала халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етіп, әр шаңырақтың берекесі мен ырзық-несібесін арттырғай.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әмин!

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру