ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ҚОЛДАНУҒА ҚАТЫСТЫ ШАРИҒИ ҰСТАНЫМДАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

05 қараша 2026 124 0
Оқу режимі

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде елорда мешіттеріндегі Пәтуа бөліміне жауапты мамандардың қатысуымен арнайы жиын өтті.

Басқосуға Шариғат және пәтуа бөлімінің Астана қаласы бойынша жауапты маманы Жолдас Қоспақұлы, «Нұр-Сұлтан» мешітінің ұстазы Тамирлан Дарханұлы және елорда мешіттерінің пәтуа мамандары қатысты.

Жиын барысында қазіргі қоғамда кеңінен қолданылып келе жатқан жасанды интеллект технологияларына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, ғылыми мазмұн мен зерттеу материалдарын әзірлеу кезінде жасанды интеллектіні пайдалану, оның мүмкіндіктері мен шариғи тұрғыдан ескерілуі тиіс тұстары сөз болды.

Сонымен қатар марқұм адамның бейнесін жасанды интеллект көмегімен қайта жаңғырту мәселесіне арнайы тоқталды. Бұл ретте адам бейнесін цифрлық технологиялар арқылы жандандырудың діни-этикалық қырлары, марқұмның ар-намысы мен қадір-қасиетін сақтау, оның туыстарының сезімі мен құқықтарын ескеру мәселелері талқыланды.

Қатысушылар аталған технологияларды қолдануда шариғат талаптарын басшылыққа алудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе жасанды интеллект ұсынған ақпаратты тексеру, ғылыми және діни мазмұндағы мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізу, сондай-ақ технологиялық мүмкіндіктерді жауапкершілікпен пайдалану қажеттігі айтылды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру