«Жеті рухани қазық» шамшырақ іспетті – Наурызбай қажы Тағанұлы

29 қазан 2019 4237 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттар рухани саладағы шамшырақ іспетті екенін атап өтті.

«Еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі дін қызметкерлерінің басын қосқан айтулы жиын бұған дейін Елорда төрінде екі мәрте өткен болатын. Осы басқосулар барысында Діни басқарма жұмысына қажетті көптеген тарихи құжаттар қабылданған еді. Қазіргі таңда аталмыш құжаттар ҚМДБ-ның сан-салалы жұмысына оң әсерін беруде.

Бұл тарихи құжаттардың Діни басқарма жұмысын жүйелеп қана қоймай, еліміздегі барлық мешіттер қызметін жандандыруға септігін тигізіп жатқанын айрықша атап өту керек. Сол құжаттардың тарихи жалғасы ретінде жақында ғана қабылданған «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасы мен «Діни рәсімдер мен діни лауазымдар тізілімі» діни сала жұмысына бірізділік енгізіп, күллі қазақ даласында ортақ құлшылық қағидаларын қалыптастыруға ықпал етпек. Еліміздегі діни лауазымдар жүйесін нақтылап, әр маманның атқаратын қызмет түрін тайға таңба басқандай анық етіп бекіту – игі бастама.

Ал, ІІІ Имамдар форумының басты құжаты – Қазақстан мұсылмандарының «Жеті рухани қазығы» ел игілігі жолында жасалған құтты қадам екені сөзсіз. Бейбітшілік пен бірлікті ту еткен, ізгілік пен мейірімділік тұнған қоғам қалыптастыру – алдымен адам баласының бойында ізгі қасиеттерді оятудан басталады. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жеті рухани қазық» құжатын қабылдай отырып, ел ертеңі үшін, игілікті қоғам болашағы үшін аманат арқалап отыр. Бұл аманат – еліміздегі әрбір дін қызметкерінің жамағат арасында жақсылық шуағын жайып, көркем іс-әрекетімен көпке үлгі-өнеге болуына міндеттейді. Алла Тағала осы ізгі жолда баршамызға күш-қуат нәсіп еткей! Әмин!» – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

 

Пікірлер Кіру