ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2023: БАС МҮФТИ 72 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

03 қаңтар 2024 1924 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2023 жылы 72 халықаралық іс-шараға қатысты. Бұл туралы ҚМДБ Халықаралық байланыс және хаттама бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов баяндады.

«Діни басқарма халықаралық байланысты да нығайтып, алыс-жақын шетелдермен әріптестік қарым-қатынасты арттырып келеді. ҚМДБ Төрағасы 2023 жылдың басында Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапарымен барып, мұсылман үмбетінің бірлігі, қажылық саласын дамыту әрі оңтайландыруға қатысты маңызды келіссөздер өткізді. Индонезия Ғұламалар кеңесінің шақыруымен Жакарта, Сурабая қалаларында болып, халықаралық жиында сөз сөйледі. Бас мүфти Индонезия Ғұламалар кеңесімен бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Иранның Горган аймағында өткен алқалы жиында баяндама жасап, жергілікті қазақтармен кездесіп, пікір алмасты. Түркияда болған жойқын жерсілкінісіне байланысты Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары атынан Түркия елінің мүфтиі Әли Ербашқа арнайы барып көңіл айтты. Сол сапарда Анкарадағы алып мешітте түрік бауырлар үшін дұға жасады.

Сондай-ақ Бас мүфти жаздағы қажылық маусымында отандық қажылармен бірге болып, Қазақстан қажылық миссиясына төрағалық етті. Осы қажылық сапары барысында Діни басқарманың ұйымдастыруымен халықаралық конференция өтті. Одан бөлек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапары кезінде Мәдина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне барып, арнайы дұға жасау рәсіміне қатысты. Сонымен қатар Меккеде өткен халықаралық жиында сөз сөйлеп, Құранға құрмет, мұсылман әлемінің ауызбіршілігі жайында, таяуда ғана Мысырға барып, Талаба қауымдастығымен кездесіп, халықаралық конференцияда пәтуа беру және сын қатерлер турасында баяндама жасады. БАӘ, Қырғызстанға барып айтулы жиынға қатысты. Астанада Польша Республикасы мұсылмандары діни одағының Жоғарғы алқасының төрағасы Томаш Мискевичпен екіжақты меморандумға қол қойылды. Өзбекстанның Ташкент, Бұхара қалаларында өткен Түркі мүфтилер кеңесінің кезекті отырысында Бас мүфти маңызды мәселелерге тоқталып баяндама жасады» дейді Марат Дәлелханұлы.

Айта кетейік, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқармада өзге мемлекеттердің еліміздегі 19 елшісімен кездесті. Одан бөлек 16 шетелдік қонақты қабылдады. ҚМДБ Төрағасы еліміздің 17 облысына 43 жұмыс сапарымен барып, діни ахуалмен танысып, түрлі рухани-танымдық, ғылыми, қайырымдылық т.б. барлығы 152 шараға қатысты.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру