«ЖЫЛЖЫМАЛЫ ПӘТЕР» АСТАНАДАН ЖОЛҒА ШЫҚТЫ (ФОТО)

19 сәуір 2024 1393 0
Оқу режимі

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры мамандары Астана қаласы өкілдігі дін қызметкерлерімен бірге су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысындағы бір отбасыға тез құрастырылатын «жылжымалы пәтерді» тегін сыйлау мақсатында үлкен жүк көлігімен жолға шықты.

Естеріңізде болса, өткен жылы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Зекет және қайырымдылық» қорының тез құрастырылмалы баспана жобасымен танысқан болатын. Жоба мақсаты – түрлі себептермен үйсіз қалған отбасыларды қолдау мақсатында оларды уақытша баспанамен қамтамасыз ету. ҚМДБ Төрағасы «Зекет және қайырымдылық» қорының аталмыш жобасына сәттілік тілеп, игі іске атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізген. Міне, сол жоба жемісін беріп, пайдасын тигізетін уақыт та келген екен.

Жылжымалы пәтерді «Әзірет Сұлтан» мешітінің жанынан Астана қаласының бас имамы Ерболат Нұролдаұлы мен «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы дұға етіп шығарып салды.

Айта кетейік, қордың ұйымдастыруымен бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысына 7 фура, 11 газель гуманитарлық көмек пен 7 қайық жөнелтіліп, 1 500 000 теңге қаржылай көмек жасалған болатын.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру