«Егер» сөзін айтпау керек деген рас па?

31 желтоқсан 2020 6853 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Кейбір хадистерде «егер» деген сөзді қолдануға болмайды деп айтылған. Осы туралы айтып берсеңіз, Аслан.


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Иә, хадисте: «... Бір іс орын алса: «Егер мен былай істесем, мынадай және мынадай болар еді», – деп айтпасын. Керісінше, «Алланың жазған тағдыры, Оның қалауы болды» деп айтсын. Себебі, «егер» шайтанның іс-әрекетіне жол ашады»,[1] – делінген. «Егер» сөзі екі түрлі мағынада қолданылады:

Біріншісі – өткен іске өкіну, тағдырына наразылық таныту. Мұндайға тыйым салынады. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Ей, иман етушілер! Жер жүзінде сапарда немесе жорықта болған бауырлары жөнінде «Егер олар қасымызда болғанда өлмес те, әрі өлтірілмес те еді» дейтін күпірлік етушілер тәрізді болмаңдар. Алла тірілтеді және өлтіреді. Әрі Алла сендердің не істеп жатқандарыңды Көруші»,[2] – делінген. Жоғарыдағы хадисте: «Себебі, «егер» шайтанның іс-әрекетіне жол ашады» деу арқылы түрлі күдікке, өкінуге және қайғыруға себеп болатындығы айтылған. Әрине, мұның зияны көп.

Екіншісі – білім, сабырлық және тағы басқа жақсылықтарға қол жеткізу үшін айтылған жағдай. Құран Кәрімде: «Егер аспандар мен жерде Алладан басқа құдайлар болғанда, ол екеуі (аспан мен жер) де быт-шыт болар еді...»,[3] – деп айтылған. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Мұсаны рақымына алсын! Егер Мұса біраз сабыр етсе, Алла ол екеуінің қиссасын баян етіп берер еді», – деп, Мұса мен Хызырдың қиссасынан сабырлық қажет екенін түсіндірген.

 


[1] Муслим
[2] Әли Имран сүресі, 156-аят
[3] Әнбия сүресі, 22-аят

Тегтер: егер хадис
Пікірлер Кіру