Әскери борыштан қашу күнә ма?

07 сәуір 2021 4808 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Әскери борышты өтеуден түрлі сылтаумен қашудың үкімі қандай?


Жауап

Уа алейкум ассалам! Әскери қызметті өтеуден жалтару – харам іс.

Өйткені, кез келген қоғамның ең негізгі тіректерінің бірі – қауіпсіздік. Сол себепті, мемлекет басшысы халқының ар-намысын, жанын және мал-дүниесін сыртқы жаудан қорғауға міндетті. Осы аса жауапты міндетті атқару үшін басшыға арнайы әскер құру қажет. Әрине, әскери қызметте қауіп-қатер қатар жүреді. Алайда, мемлекет тұтастығы мен қауіпсіздігі – бұлардан биік тұратын мүдде. Елді және жерді жаудан қорғау – барлық шығыннан да жоғары тұратын мақсат. Құран Кәрімде: «Сендерге жағымсыз болса да соғыс парыз етілді. Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін...[1]», – деп әмір етілген.

Сырттан жаудың қаупі төнбесе де, мемлекет өз қорғаныс әлеуетін күшейтіп және үнемі төтенше жағдайға сақадай сай тұру үшін де әскер қажет. Сондықтан, әскери борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Құран Кәрімде: «Оларға қарсы шамаларың келгенше күш-қуат және атты әскер әзірлеңдер, онымен Алланың жауын және өз жауларыңды әрі өзгелерді де сескендіру үшін...[2]», – деген әмір бар.

Сонымен қатар, мемлекет шекарасын бұзушылардан қорғап, күзету де азаматтық борыш. Бұл – соғыс майданында жаумен бетпе-бет келген тең парыз іс. Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Екі көз (иесіне) тозақ оты тимейді: Алла Тағаладан қорқып жылаған көзді және Алла жолында шекара қорғап түн өткізген көзді[3]», – деп айтылған.

Түйіндей айтқанда, әскери борышты өтеу – парыз. Ал, бұл азаматтық парыздан жалтару – күнә.

 


[1] Бақара сүресі, 216-аят
[2] Әнфал сүресі, 60-аят
[3] Тирмизи

Пікірлер Кіру