Оразаның уақыты неге ауыспалы болып келеді?

09 сәуір 2021 7960 0
Оқу режимі

Оразаның уақыты неге ауыспалы болып келеді?


Жауап

Әрбір жылы Рамазан айының қарсаңында мұсылман жұртшылығын: «Биыл жиырма тоғыз күн ауыз бекітеміз бе, жоқ әлде отыз күн ауыз бекітеміз бе?» деген мәселе әбігерге түсіреді. Базбір мұсылман бауырларымыз ҚМДБ-ның бекіткен пәтуасына қарамастан, өзге елдердің шешіміне мойынсұнып, нәтижесінде мұсылман қауымы жылда екіұдай күйді бастан кешеді. Бұл жағдай жыл сайын қайталанатындықтан, біз мәселенің шариғи шешіміне үңіліп көруді жөн көрдік. Сонымен біз неліктен кейбір жылы жиырма тоғыз күн, кейбір жылы отыз күн ораза тұтамыз?

Ислам әлемінің жыл санағы ай есебіне негізделетіні көпшілікке белгілі. Осыған орай Рамазан айы туғанда мұсылман жұрағаты Алла Тағаланың разылығы үшін таң сәресінде аузын бекітіп, ораза тұта бастайды. Шәууал айы туғанда ауыз бекітуді аяқтап, Ораза айт мерекесін тойлайды. Бұл жөнінде Хақ Елшісі (с.а.у): «Рамазан айын көрсеңіз, ауыз бекітіңіз. Шәууал айын көргенде аузыңызды ашып, Ораза айтты мерекелеңіз. Бірақ, Шәууал айының туғанын бұлт көлегейлеп көрсетпесе, Рамазан айын отыз күнмен толықтырыңыз», – деген болатын. (Ибн Мәжа, Сиям: 7)

Қайсысы дұрыс, астрономия ма, әлде айды көзбен көрген бе?

Бүгінгі күні көптеген мұсылман елдерінде астрономиялық есеппен Рамазан айының күні алдын-ала белгіленіп, мұсылмандар осы межемен де ауыз бекітеді. Ал, Сауд Арабстан мен Тунис секілді елдер астрономиялық есеппен емес, Рамазан айының туғанын көзбен айқын көріп барып, ауыз бекітуге пәтуа шығарады. Бұл елдердің ғұламалары Рамазан айының немесе Ораза айт мерекесінің басталуына байланысты жоғарыда келтірілген хадис-шарифті, яғни, айдың анық көрілуін негізге алады. Алайда, осы мәселені терең зерттеген ғалымдардың көзқарасынша айдың туғанын астрономиялық құрылғылар арқылы ғана дәл уақытында анық көруге болады. Яғни, айдың туып-тумағанын құр көзбен көру, пәтуаның дәл берілуіне  негіз бола алмайды.

Жалпы, Тәңір Елшісінің (с.а.у): «Рамазан айын көрсеңіз, ауыз бекітіңіз. Шәууал айын көргенде ауызыңызды ашып, Ораза айтты мерекелеңіз. Бірақ, Шәууал айын бұлт көлегейлеп көрсетпесе, Рамазан айын отыз күнмен толықтырыңыз» (Ибн Мәжа, Сиям: 7) деген хадис-шарифін тікелей мағынасында қолдануға болмайды. Өйткені, Мұхаммед (с.а.у) өмір сүрген дәуірде араб қоғамында астрономия ғылымы мүлде дамымаған еді. Сондықтан да Жақсылық жаршысы (с.а.у) ораза тұту уақытын белгілеуде «айдың көрінуін» шарт етіп қойған болатын. Бұл жерде Алла Елшісі (с.а.у) жұлдызнама ғылымынан бейхабар надан арабтарға ұғынықты болу үшін айдың тууын негізге алған-тын. Демек, қазіргі дәуірдегі астрономиялық есеппен Рамазан айының уақытын алдын-ала бекітудің шариғатқа қайшылығы жоқ деген сөз. Әрі-беріден соң мұндай есеппен берілген пәтуаға нық сеніммен қарауға болады. Себебі, әр айдың қанша күнге созылатынын көзбен көруден қарағанда, астрономиялық құрылғылар дәл анықтай алады. Мысалы, Адамзаттың ардақтысы (с.а.у) Рамазан айында ауыз бекітудің уақытын: «Ақ жіп пен қара жіп айырмашылығы белгілі болғанға дейін ішіп-жеңіз» (Мүслим, Месажид: 171) деп белгілегенімен, аспанды қою қара бұлт жапса, ақ жіп пен қара жіптің айырымы дәл қай уақытта белгілі болғанын аңғара алмауымыз мүмкін. Осы себептен де, әрбір күнгі таңның бозарып атқанын анықтауда астрономиялық дәлдіккке сүйенуге мәжбүрміз. Сол сияқты айдың туып-тумағаны күн батар батыс жақтан байқалатындықтан (ай күн батардан 22-23 минут бұрын туады), күннің қызыл шапағы немесе қою қара бұлт жаңа иіліп сызық болып туған айды анық көрсетпеуі әбден мүмкін. Сондықтан, астрономиялық зерттеулер арқылы ғана айдың туып-тумағанын дәл бағамдауға болады. Олай болса, қасиетті айдың кірген уақытын дәл белгілеуде айды тек көзбен көруді негізге алатын пәтуаға байланып қалмай, дәуір құндылығы саналатын астрономиялық ғылыми тұжырымдарды басшылыққа алғанымыз әлдеқайда дұрыс шешім болмақ.

Ай есебі бойынша 354 күн бар

Уақытты есептеуде адамзат баласының бір бөлігі күн есебіне, бір бөлігі ай есебіне сүйенетіні белгілі. Өйткені, уақыт есептеуде күн мен ай мүлт кетпейтін – илаһи безбен. Бұл хақында Хақ-Тағала: «Күн мен ай (өз кеңістігінде) белгілі мерзім бойынша мәлім есеппен жүреді», (Рахман, 5) – деп бұйырған болатын. Ал, мұсылман қауымының ай есебін ұстануының себебі Ұлы Жаратушы Құран-Кәрімде: «Нұр шашыратып – күнді, жарығын жайғызып айды жаратты Алла. Сонан соң сендердің жыл және ай мерзімдерін айыруларың үшін олардың орындарын белгіледі. Алла оны жайдан жай жасаған жоқ. Біле білгенге Алла аяттарын осылайша айқын түсіндіреді», (Жүніс, 5) – деп бұйырған-тын.

Күн есебінде 365 күн болса, ай есебі бойынша бір жылда 354 күн бар. Ай есебінің 354 күн болуына орай Рамазан айы кейде жиырма тоғыз күн, кейде отыз күн болып келеді. Бұл хақында Хақ Елшісі (с.а.у): «Біз арабтар үмми (оқу, жазудан бейхабар, сауатсыз) бір қауымбыз. Не жаза алмаймыз, не есептей білмейміз. Бір ай кейде былай (Пайғамбарымыз (с.а.у) саусағымен жиырма тоғыз күнді санап шықты), ал, кейде былай (Пайғамбарымыз (с.а.у) отыз күнді санап шықты) болып келеді», (Бұхари, Савм: 13, Мүслим, Сиям: 15, Әбу Дәут: 4) – деген болатын. Яғни, Рамазан айының кейде жиырма тоғыз күнде, кейде отыз күнде үзілуіне байланысты мұсылман жұртшылығы кейбір жылы жиырма тоғыз күн, кейбір жылы отыз күн ораза ұстайды.

Күн есебіне сүйенетін ғайри мүслимдер (жөйттер мен христиандар) жылда тек белгілі бір мерзімде ораза тұтады. Оларға қарағанда ай есебіне сүйенетін мұсылман қауымның ауыз бекіту мерзімі күн есебі бойынша әрбір жылы он бір күнге кейін шегеріліп, өзгеріп отырады. Әсілі, ай есебін ұстану күн есебінің өлшеміне қарағанда ретсіздеу болып көрінгенімен, мұнда илаһи әділетті бір шешім бар. Егер, ораза тұтуда күн есебін ұстанар болсақ, онда ұдайы тек жылдың белгілі бір мезгілінің жеңілдігін немесе ауыртпалығын тартар едік. Мәселен, қыс мезгілінде күн қысқа, түн ұзақ болғандықтан, ауыз бекіту жеңілдеу. Бұл жөнінде Хақ Елшісі (с.а.у): «Қыста ораза ұстаудың сауабы тер төкпестен оңай қолға түскен олжа іспетті» (Тирмизи, Савм: 73, Муснад, 4: 335) деген болатын. Ал, жаз мезгілінде керісінше күн ұзақ, түн қысқа болғандықтан, ораза ұстау оңайға соқпайды. Яғни, ай есебімен ауыз бекітсек жылдың төрт мезгілінің рухани шуағына бөленеміз. Сонымен бірге, егер ғайри мүслимдер тәрізді жылдың белгілі бір мерзімінде ауыз бекітетін болсақ, онда жер бетіндегі халықтың бір бөлігі ұдайы қақаған қыс мезгілінде, бір бөлігі аптап ыстықта ауыз бекіткен болар еді. Ал, дініміз ай есебіне жүгінгендіктен, жер бетіндегі мұсылман жұртшылығы әрбір жылы он бір күннің ауысуып отыруымен жылдың төрт маусымында да ораза ұстап шығады.

Жұлдызшыларға жүгіну харам ба?

Орта ғасырларда астрономиялық зерттеулермен уақыт мөлшерін анықтайтын мамандар «мувакит» немесе «мунажжим» деп аталды. Ханафия мазхабының факиһі Мұхаммед бин Мукатил және Кады Абдулжаббар, сондай-ақ, Шафия мазхабының өкілі Имам Субкилер айдың туғанын анықтауда астрономиялық есеп жасайтын «мувакит» немесе «мунажжимдердің» тұжырымдарына мойынсұнды. Дегенмен, дін негіздерінде «мунажжимге» қатысты теріс пәтуалар да берілген (Фатауи-Хиндия, 2: 245). Мәселен, Сауд Арабстан секілді астрономиялық зерттеулерге біржақты қарайтын елдер Адамзат мақтаулысының (с.а.у): «Кімде-кім балгер мен жұлдызшыға (мунажжим) барып, ғайыпқа қатысты бір нәрсе сұраса, Мұхаммедке түсірілігенді (дінді) теріске шығарған саналады» (Ибни Абидин, Масмуатүр-Рисаил, 1; 245) деген хадис-шарифін негізге алады. Әйтсе де, Исламға дейінгі дәуірдегі жаһил қоғамның жұлдызшыларымен (мунажжим) бүгінгі күннің астроном ғалымдарын мүлде салыстыруға болмайды. Себебі, жаһилият дәуірінің жұлдызшылары тылсым әлеммен (жындар) байланыс жасап, жорта тұжырым жасауға бейім келетін. Ал, бүгінгі күннің астроном ғалымдары көк жүзінің нәзік құбылыстарын жіті бақылап, аспан әлеміндегі қозғалыстардың бағытын дәл зерделеуіменен ерекшеленеді. Тіпті, бүгінгі күннің жұлдызшы ғалымдары көк жүзін жерден бақыламай, ғарыш кеңістігіне шығып, ондағы иірімдерді арнайы құрал-жабдықтармен қадағалайды. Яғни, «Кімде-кім балгер мен жұлдызшыға (мунажжим) барып, ғайыпқа қатысты бір нәрсе сұраса, Мұхамедке түсірілігенді (дінді) теріске шығарған саналады» (Ибни Абидин, Масмуатүр-Рисаил, 1; 245) деген хадис-шарифтегі жұлдызшымен қазіргі астроном ғалымдарды бір мағынада түсінуге болмайды.

Ай алғаш көрінгеннен ауыз бекіткен абзал

Ханафи, Малики, Ханбали мазхабының өкілдері жер бетінің қай жерінде айдың туылғаны алғаш көрінсе, өзге елдер әлі айдың туғанын көрмесе де, мұсылман қауымының біртұтастығы мен бірлігі сақталуы үшін бір мезгілде ауыз бекітуді бастағаны абзал деп біледі. Яғни, бұл байлам бойынша исі бүтін мұсылман әлемі ораза ұстауды бір күнде бастап, бір күнде аяқтауы тиіс. Алайда, Шафиғи мазхабы ғұламалары Рамазан айының басталуы хақында «Жиырма төрт фарсахтан (140 шақырым) тысқары тұрған мемлекетте айдың туылғаны басқа уақытта көрінсе, ол мемлекеттің мұсылмандары айды көргеннен кейін барып ораза ұстайды» (Мазаһибул-Ербаа, 2: 550) деп пәтуа бекіткен. Олар бұл шешімге Курайбтен (р.а) жеткен мына риуаятты негізге алады: «Курайб (р.а) Шам қаласында жаңа туған айды көреді. Іле-шала бір шаруамен Мәдинаға сапар шегеді. Мәдинада жолыққан Ибн Аббас (р.а): «Айдың туғанын қай уақытта көрдің?» деп сұрайды. Курайб (р.а): «Жұма күні кеште көрдім» деп жауап береді. Ибн Аббас (р.а): «Оны сен де көрдің бе?» деп қайталап сұрайды.  Курайб (р.а): «Иә, оны мен де көрдім, барлық адам көріп, ораза тұтуды бастады» дейді.  Ибн Аббас (р.а): «Біз айдың туғанын сенбі күні көрдік. Отыз күн толғанша немесе Шәууал айы туғанға дейін ораза тұтамыз» дейді. Курайб (р.а): «Муавиенің айды көруі ораза тұтуды бастауға жеткілікті емес пе?» деп сұрағанда,  Ибн Аббас (р.а): «Жоқ, Алла Елшісі (с.а.у) бізге осылайша әмір етті» деп жауап береді (Мүслим, Сиям: 28, Тирмизи, Савм: 9, Әбу Дәут, Сиям: 9).

Рамазан айының кейбір мемлекеттерде ерте, кейбір мемлекеттерде кеш басталуының тағы бір себебі, Батыс елдерінде қоғамдық жұмыс мезгілін бірыңғайлау мақсатында «әлеуметтік сағат» түсінігі қалыптасқан. Осы «әлеуметтік сағат» режиміне байланысты, бұл мемлекеттердегі уақыт өлшемінің тілі ай есебін ұстанатын елдерден бөлек болып келеді. Осы қайшылықты реттеу үшін мұсылман мемлекеттері 1978 жылы «Ай Конфенциясын» (Түркия) өткізіп: «Жер жүзінің қай жерінде алғаш рет ай көрінген болса, Ислам елдері ораза ұстауды бір мезгілде бастауы қажет» деп қарар қабылдаған болатын. Өкінішке қарай, бірауыздан қабылданған бұл байлам әлі күнге дейін сөз күйінде қалып отыр.

Түйін

Задында, қасиетті айда Рамазан рухын бойымызға сіңіріп, кеудеміздің хикметке толы болуы оразаның жиырма тоғыз күн немесе отыз күн болуынан да маңызды. Осы тұрғыда, сырғып өтіп жатқан уақыт, байыбына бара білгенге қайтып айналып соқпайтын илаһи қазына саналады. Қиямет-қайым күні амал дәптеріміз толған айдай нұрланып тұруы үшін біздің сынақ әлеміндегі әрбір тынысымыз сауапқа толы болуы қажет. Яғни, уақыттың құнын дер кезінде ұғына алсақ ұшпаққа шығамыз, ал, ұғына алмасақ, мешеулікке ұрынарымыз хақ. Олай болса, лайым алаш жұртына бес күндік сынақты мағыналы өткізіп, сауапқа толы ғұмыр кешуді жазсын!

Мұхан Исахан

Пікірлер Кіру