Алғаш рет ораза ұстайтындарға қандай кеңес бересіз?

12 сәуір 2021 7890 0
Оқу режимі

Сәлеметсіз бе! Ораза ұстағым келіп жүр. Ниетім бар. Ораза ұстар алдында қандай кеңес бере аласыздар? Малика


Жауап

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алла жазса көптен күткен қасиетті Рамазан айы да келіп қалды. Құдайға шүкір, Алланың бұйрығына бас иіп, ораза ұстауға ниет қылғандардың саны жылдан-жылға артуда. Сондықтан да, сұрағыңызға орай біршама кеңестерімізді бере кетелік:

1. Мықты ниет. Рамазан оразасы кейбір қандастарымыздың айтатыныдай, үш күн басында, үш күн ортасында және үш күн соңында емес. Ораза – отыз күн (кейде айдың ерте тууына байланысты 29 күн болуы мүмкін). Сондықтан да, ең алдымен отыз күн оразаны Алла ризалығы үшін, үзбей ұстауға іштей ниетіңізді бекемдеп, нықтап алыңыз. «Амалдар ниетке байланысты», – дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

2. Керекті мәлімет. Екіншіден, оразаның негізігі шарт-талаптарымен қоса, оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайларды біліп алғаныңыз дұрыс. Қазіргі таңда Аллаға шүкір, ана тілімізде жарық көрген мәліметтер баршылық. Одан қала берді, сайттарға тікелей сұрақ жолдап, білмей тұрған нәрсеңіздің жауабын алу мүмкіндігі қарастырылған. Керекті мәліметтерге ие кісінің оразасы уайымсыз әрі жеңіл өтеді. Уайымсыз деуімнің себебі, әлдебір жасаған әрекет оразаны бұзды ма, жоқ па деп, нақты білмегендіктен орынсыз уайымға беріліп жататындар бар. Ал, жеңіл деуімнің мәні: әдетте оразаны бұзбайтын, оразаға зияны жоқ нәрселерден шамадан тыс сақтанып, ыңғайсыз жағдайларға тап болуы мүмкін. Мысалы, ауыздағы сілекей мен түкірік оразаны бұзады деп жүрген адам, күні бойы түкірумен болады.

3. Сәресіге тұру. Лаж болса, сәресіні жібермеңіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәресіде береке бар»,[1] – деген. Сәресіде тәбетіңіз тартпай тұрса, тым болмағанда су ішкен жақсы. Осылайша, өзіңіздің денеңізді қажетті сұйықтықпен қамтамасыз еткен боласыз. Оның үстіне, сәресі адамға рухани демеу.  

4. Ас мәзірі. Ас мәзіріне көпшілігіміз мән бермейтініміз рас. Күні бойы аш жүрген адамның ас мәзіріне мән беруі де қиын шығар. Дегенмен, біле жүргеніміз артық етпейді. Медицина мамандарының айтуынша, майлы әрі майға қуырылған тағамды және құрамында қанты көп дәмді азайту керек. Сондай-ақ, сәресіде артық тамақ жеуден, шамадан тыс сусын ішуден сақтану керек екен. Олай етпеген жағдайда, ағзадағы минеральды тұздар тез шығып, дененің жылдам әлсіреуіне алып келетінге ұқсайды.  

5. Ауыз ашар сәті келгенде бірден асқа отырмаған жақсы. Алдымен қол қусырып тілегіңізді тілеп, сумен немесе құрмамен ауыз ашып, одан соң намазға тұрыңыз. Намаз оқып болам дегеніңізше, асқазаныңызға нәр барып, әрі қарай тамақ қабылдауға дайын болады. Және ауыз ашқаннан, ұйықтағанға дейінгі аралықта көбірек су ішкен жақсы.  

6. Күнәлі істерден ұзақ жүру. Ауыз бекіткен кісі түрлі күнәлі істерден өзін тыюы тиіс. Ғайбат, өсек-аян, ұрыс-керіс т.б. әбес әдеттерден арылу шарт.

7. Оразаны бұзатын жағдайлардан не аузы берік кезде мәкруһ саналған әрекеттерден бойды аулақ ұстау ләзім.

8. Рамазан айын тиімді пайдаланған жөн. Намаз оқымай жүргендер болса, ең бірінші намаз оқып бастағандары дұрыс. Одан қала берді, бос уақыттарымызда Құран оқып үйренуге, жаңа сүре-аяттар жаттауға, діни бір әдебиет (мысалы, пайғамбарымыздың өмір баяны жайында) оқып шығуға тырысқанымыз абзал.

Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразаларымызды кем-кетігімен қабыл етіп, о дүниеде «Раян» есігінен кіруді жазсын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтқан:

«Шынында пейіштің «Раян» деген есігі бар. Қиямет күні одан ораза ұстаушылар ғана кіреді. Өзгелер ол есіктен кірмейді. Сол күні (періштелер): «Ораза ұстаушылар қайда?» деп сұрайды. Ораза ұстаушылар тұрып, есіктен кіргеннен кейін есік жабылып, одан басқа ешкім кірмейді»[2].

 


[1] Сахих Бұхари, №1923 хадис.
[2] Сахих Бұхари - №1763; Сахих Мүслім - №1947.

Пікірлер Кіру