Сапарда екі намазды қосып өтеуге бола ма?

25 мамыр 2021 7814 0
Оқу режимі

Сұрақ: Сапарда бесін мен екінті намазын қосып өтеуге бола ма?


Жауап

Жауап: Ханафи бойынша екі намазды қосып оқу тек қажылық кезінде, Арафа мен Муздалифада ғана рұқсат етіледі. Сапарда, тұрғылықты кезде екі намазды біріктіріп бір уақытта оқуға болмайды[1]. Өйткені, әр намазды өз уақытысында оқу парыз. Ол жайлы Алла Тағала Құранда былай дейді:

إِنَّ الصَّلاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا

«Расында, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз етілді»[2]. Ал, хадистегі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарда екі намазды қосып оқыды дегеннің мағынасы: бірінші (бесін немесе шам) намазын ақырғы уақытына кешіктіріп барып оқиды да екіншісін (екінті немесе құптан) әуелгі уақытысында өтейді[3]. Оған дәлел: Айша (оған Алла разы болсын) анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарда бесінді кешіктіріп екінті намазын алғашқы уақытында және шамды кешіктіріп құптанды әуелгі уақытысында оқыды»[4].

Нафиғ және Абдулла ибн Уақидтан жеткен хабарда былай делінген: Ибн Омардың (ол екеуінен Алла разы болсын) азаншысы: «Намаз оқимыз ба? - дегенде, Ол: – Жүре бер, - деді. Тіпті шапақтың кетуіне аз ғана уақыт қалғанда (көлігінен) түсіп шамды оқыды. Кейін кішкене күтіп шапақ кеткенде құптанды оқыды. Сосын былай деді: Расында, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жерге асығып тұрса, мен қалай істеген болсам солай істейтін еді...»[5]

fatua.kz

[1] Маусули, «әл-Ихтияр ли тағлили әл-мухтар» 1/136-137

[2] «Ниса» сүресі, 103-аят

[3] Асғад әс-Сағуржи, «әл-Фиқһу әл-Ханафию уә әдилләтуһу», 1/143

[4] Тахауи, Ахмад, Хәкім риуаят еткен, иснады хасан

[5] Әбу Дәуіт риуаяты, 1212

Пікірлер Кіру