Арақ ішкеннің 40 күн намазы қабыл болмай ма?

17 маусым 2021 6905 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум!  Арақ ішілетін орында отырсаң, 40 күндік намазың қабыл болмайды деген рас па? Сонда қонаққа баруға болмай ма? Айжан Магден


Жауап

Уағалейкум ассалам!

Арақ ішкен жанның 40 күн бойы намазы қабыл болмайтындығы жайлы Абдулла бин Омар (р.а.) былай деп риуаят етеді: «Кімде-кім арақ ішсе, Алла Тағала оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла оны кешіреді. Ал, қайта арақ ішсе, Алла Тағала оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла оны кешіреді. Егер қайта арақ ішсе, Алла Тағала оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Тәубе етсе, Алла оны кешіреді. Төртінші рет арақ ішсе, Алла Тағала оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Тәубе етсе, тәубесін де қабыл етпейді. Оған Хабал өзенінен ішкізеді», – деді. Адамдар: «Уа, Әбдурахман әкесі! Хабал өзені деген не?» – деп сұрайды. «Тозақтықтар іріңінен пайда болған өзен», – деді[1]».

Имам ән-Науауи (р.а.): «Расында, әр құлшылыққа екі жақтама қаралады. Біріншісі орындаушының парызын өтеуі болса, екіншісі – сауапқа кенелуі. Хадисте «намаз қабыл болмайды» деп сауабы болмайтындығын айтуда», – деп түсіндірген.

Арақ-шарап қойылған орында отыруға болмайды. Бұл жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының бірі Омар ибн Хаттаб (р.а.) мынадай сөз естігенін жеткізеді: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, арақ қойылған дастарқанға отырмасын[2]».

Мұсылман жан осы секілді тыйым салынған іс-әрекетті көрсе, оны тоқтатуы – парыз. Ал, шамасы келмейтін болса, өзі ондай жерден кетуі қажет.

Бірде «әділ халифа» деп танылған Омар бин Абдулазиздің (р.а.) алдына  арақ ішіп ұсталғандарды алып келеді. Айыптыларға дүре соғуға бұйырылады. Алып келген сақшылар: «Мына пәленшенің аузы берік екен», – деп, араларындағы біреудің ішпегенін айтады. Сонда халифа: «Дүре соғуды сол аузы берік адамнан бастаңдар. Сендер Құран Кәрімде: «Анығында, Ол сендерге Кітапта: «Алланың аяттарына қарсы келіп, келеке еткенін естігендеріңде, бұдан басқа сөзге ауыспайынша, олармен бірге отырмаңдар, әйтпесе, сендер де сондай боласыңдар», – деп үкім түсірді...[3]», – деген аятын білмейсіңдер ме?» – деп, ішпесе де, сол жерде болғандықтан жазалауға бұйырған екен.

 


[1] Тирмизи
[2] Ахмед
[3] Ниса сүресі, 140-аят

Пікірлер Кіру