Үйлену үшін қызбен кездесуге бола ма?

13 тамыз 2021 9181 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Менің құрдастарымды мазалайтын сұрақтардың бірі – жақсы жар таңдау. Үйлену мақсатында қызбен жүруге бола ма? Өйткені, қыздың мінезін, сымбатын кездеспей, танып білу қиын. Қыздардың да тұрмысқа шығудағы көп ойландыратын мәселесі осы.


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Шариғатта қызға сырға салып, құда түсу үшін рұқсат етілген екі жол бар:

1. Сенімді әйел көмегіне жүгіну.

Үйленетін жігіт көңіліне ұнаған қызды жан-жақты тану үшін көріп-сөйлесуге жанашыр әпке-қарындасы, жеңшесі сияқты сенімді әйелді жібергені жөн.

Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбар (с.ғ.с.) үйленетін әйеліне Үмму Суләймді жіберіп: «(Балтырының) сіңіріне қара және мойынының иісін байқа[1]», – делінген. Аталмыш хадистегі аяғындағы сіңірін айта отырып әйелдің тұла бітімінің сымбаты немесе әдемі еместігі білдірсе, мойнының иісі деп әйелдің бойында жағымсыз иісі бар-жоқтығын меңзеген[2].

Қыз-келіншектер де осы тәсілді пайдалана алады. Өзіне сөз салған жігітті жан-жақты тануы үшін етжақын сенімді ер азаматтар арқылы сұрастырғаны дұрыс.

2. Жігіттің өзі қызды көруі.

Шариғат бойынша, айттыруды қалаған жігітке қызды көруге рұқсат. Мұндайда, жігіт қыздың жүзіне, қос алақанына және бойына қарауына болады. Себебі, жүзі – көркін, қолы – тұла бойының сұлулығын және бойы – ұзын-қысқалығын танып білуге мүмкіндік береді[3].

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының бірі Жабир (р.а.): «Сендер әйелді айттыратын болсаңдар, оған үйленуге сеп болатындай тұсын (байқау) үшін көруге шамаларың келсе, сөйтіңдер», – деген хадисті риуаят етеді. Осы хадиске сай амал еткен Жабир (р.а.): «Мен бір қызды айттырдым, жасырын көз сала отырып, ол қызға үйленуге ынталандыратын жағын көрдім, сөйтіп үйлендім», – дейді[4].

Сонымен бірге, хадисте: «Сендер әйелге үйлену үшін сөз салатын болсаңдар, оған қарауларыңның ешбір айыбы жоқ. Тек құда түсу үшін ғана қарауға болады. Тіпті, кісінің қарағанын әйел білмесе де[5]», – делінген.

Қорыта айтқанда, шариғаттың рұқсат берген шеңбері – осы.

Руслан Камбаров


[1] Ахмед, Табарани, Хаким, Байқаһи
[2] Уаһбат Зуһайли, Ислам Фиқһ энциклопедиясы, 8-том, 35-бет
[3] Уаһбат Зуһайли, Ислам Фиқһ энциклопедиясы, 8-том, 36-бет
[4] Ахмед, Әбу Дауд
[5] Ахмед

 

Пікірлер Кіру