Зекеттің қазасы бола ма?

05 қазан 2022 5673 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім, зекеттің де қазасы бола ма?


Жауап

Уағалейкумассалам!

Зекетті бай кісіге жылына бір рет беру – парыз.  Кейбір ғалымдарымыз зекетті бір жыл өткеннен кейін бірден беру керек десе, басқалары кешігіп беруге де болады дейді[1]. Қалай болса да, айырмашылық тек зекет шығаруды бір жылдан кешіктірген кісінің мойынында кешіктіруі себепті «күнәсі жойыла ма әлде жоқ па?» деген мәселеде ғана. Яғни, бірінші топ ғұламалар бір жылдан кейін берілген зекет жүзеге асады, «бірақ уақытылы бермеген себепті күнәсі жойылмайды» десе, екінші топтағы ғұламаларымыз «бір жылдан асқаннан кейін берген кезінде зекеті саналып, күнәсі жойылады» деп айтады[2].

Түсінетініміз, екі топ ғалымдарымыз да уақытылы өтелмеген зекетті «қаза» деп айтпайды. Олар оны адам баласының басқа қарыздарына ұқсас бір қарыз ретінде қарастырады.  Мысалы, нисап мөлшері 1 500 000 тг. делік. Сондай қаржысы бар адамның 100 000 тг қарызы болатын болса, дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген сон, оған зекет беру парыз емес.

Тура солай ешкімге қарыз болмаған 1 500 000 тг. қаржысы бар адам өткен жылдын зекетін бермеген болса, сөйтіп келесі жылы зекет бергісі келсе, оған соңғы жылдың зекетін беруі міндет болмайды. Себебі, өткен жылғы зекетке шығаруы керек болған мөлшері 37 500 мын теңге еді (яғни 1 500 000 тенгенің қырықтан бірі). Жаңағы адам оны бермеген соң зекеті қарыз болып қалады.  Яғни, 37 500 теңге 1 500 000 нан азайтылғаннан кейін, оның қолында қалатын 1 462 500 теңгесі, шартты түрде айтылған нисап мөлшеріне (1 500 000 теңгеге) жетпейді.  Сондықтан бұл кісіге қарыз болып қалған өткен жылдын зекетін ғана беру керек болады. Ал осы жылдың зекетін бермейді.

Қорытынды: Зекеттін қазасы болмайды. Зекеттің қарызы болады. Себебі, зекеттін уақыты келгеннен кейін оның уақыты өтіп кетпейді. Зекет уақытының шегі жоқ.  Адам өмірінің ақырына дейін зекетті бере алады[3]. Алайды кешіктіргені үшін күнә арқалайды.

 

                                                                                                                              Дарханұлы Тамирлан
                                                                                                                      Нұр-Сұлтан қаласы бойынша
                                                                                                                            Пәтуаға жауапты маман

 


[1] Бурхануддин Марғинани, «Хидая» кітабы, 2 том 7 бет.
[2] Бурхануддин Марғинани, «Хидая» кітабы, Хашияту Лакнауи 2 том 151 бет.
[3] Бурхануддин Марғинани, «Хидая» кітабы, 2 том 5 бет.

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру