Орамалсыз қыздың ораза-намазы қабыл бола ма?

15 мамыр 2018 11650 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Аллаға шүкір, мен намазымды оқимын және оразамды ұстаймын. Алайда, әлі хижабқа кірмедім. Менің оқыған намазым мен оразам қабыл бола ма


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Мұсылман қыз-келіншектің басына орамал салып, ұзын киінуін Алла Тағала: «Әй Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт: Үстеріне бүркеншіктерін орансын. Бұл, олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ. Алла (Т.) аса жарылқаушы, тым мейірімді[1]»,-деп әмір еткен. Және бөтен ер кісілер көзінше орамалсыз жүруге қатаң тыйым салып: «Мүмін әйелдерге де айт: (бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін...[2]»,-деп бұйырған. Осы аяттар негізінде мұсылман әйелдің киіміне қойылатын талаптар:

1. Киімнің ұзындығы. Бет-жүзі мен қос алақаны және аяғы тобықтан төмен жерінен басқа тұла бойын көйлегі (киімі) жауып тұруы;

2. Киімнің кеңдігі. Көйлек дене пішімін айқындап тұратындай тар болмауы;

3. Киім матасының сапасы. Киімі (көйлегі) дене терісі көрініп тұратындай жұқа болмауы;

Ал, шариғат парыздарына келсек, құлшылықтардың бірі екіншісінің орнын баспайды. Мәселен, намаз оқыған адам оразадан босатылмайды. Сол сияқты, намаз оқып және ораза тұтқан әйел орамалсыз жүруіне рұқсат етілмейді.

Негізгі сауалға келсек, намаз бен оразаның қабыл болуы тек Алла Тағалаға байланысты. Дегенмен, мұсылман тіпті күнә жасап қойса да Алла Тағала мейірімді де, кешірімді деген жақсы ойда болуға міндетті. Себебі, Құран Кәрімде: «...Шынында жақсылықтар, жамандықтарды жояды...[3]»,-деп айтылғандай намаз және ораза сияқты ғибадаттармен жаман амалдар жойылады. Бірақ, керісінше емес.

Рамазан – жақсылықтар бастамасының айы. Ешуақытта, қате-күнәлар үшін тәубе етіп, өмірдің жаңа парақшасын ашу кеш емес. Сонымен бірге, құлшылықтың қабыл болуының белгісінің бірі, сол амалдың адамды жақсылыққа жетелеуі. Ал, Алла Тағаланың әміріне бойұсынып, орамал тағып ұзын киіну ең үлкен жақсылықтардың бірі.

Пікірлер Кіру