Электронды темекіні тартуға бола ма?

27 қаңтар 2023 4805 0
Оқу режимі

Электронды темекіні қолдануға бала ма?


Жауап

Электронды темекі – ішінде химиялық қоспасы мен сұйықтығы, арнайы ауыстыратын картриджі бар, өкпеге тыныс алу жолдары арқылы никотин және улы заттарды жеткізетін темекінің жаңа түрі.

Темекі шегуге қатысты ғалымдар арасында бірнеше көзқарас бар. Бірқатар ғалымдар темекінің денсаулыққа зиян әрі ысырап екенін алға тартып, темекі шегуді харам деген[1]. Алла Тағала Құранда:

وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

«Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер...»[2], – дейді.    

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا ضَرَرَ وَلَا ضِرَارَ

«Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» [3], – деп ескерткен.

Имам Тахтауи ән-Нәжму әл-Ғазидің мына сөзін келтіреді: «Темекі Дамаск қаласында XV ғасырда пайда бола бастады. Ол мас қылмаса да адамның әлін кетіретіндігі үшін харам болады. Умму Саламадан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір мас етуші және әлді кетіруші нәрсеге тыйым салды» [4], – делінген[5].

Ханафи мәзһабының ғалымы шейх Мухаммад әл-Айни: «Төрт нәрсеге байланысты темекі тарту харам болады. Олар:

  1. Денсаулыққа зияндығы;
  2. Есірткінің бір түрі әрі адамның әлін кетіретін нәрсе болғандығы;
  3. Жағымсыз иісінен темекі шекпейтін адамға зияны тиюі;
  4. Ысырапшылдық[6].

Ханафи мәзһабының кейбір ғалымдары темекі тартуды мәкруһ тахрими деп санайды[7]. Әл-Мәусуғату әл-фиқһия атты кітапта: «Темекі тарту кейбір адамның денсаулығына, ақылына зиян болатыны нақтыланса немесе темекіге жұмсаған қаражатқа өзі және отбасы қатты мұқтаж бола тұра сарп етсе, харам болады. Ал бұдан басқа жағдайда мәкруһ саналады»[8], – делінген.  

Дегенмен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) және ислам медицина ғылымдары ұйымы ғылыми тұрғыдан электронды темекінің, калянның және басқа да шылымның түрлері адам баласының денсаулығына  зиян екендігін нақты түрде айтқан[9]. Сондықтан электронды темекіні қолдану харам деп саналады. Себебі электронды темекінің зияны әдеттегі темекіден асып түспесе кем емес.

Мысыр, Иордания елінің пәтуа комитеті элетронды темекіге тыйым салған [10].

 

ҮКІМ:

Электронды темекі адамның денсаулығына зиян болғандықтан және ысырапқа жататындықтан – харам. Оны қолдануға болмайды.

 

[1] Хашияту ибн Абидин, 5/295-296. Тәһзибу әл-Фуруқ, 1/216-217. Буғяту әл-Мустаршидин, 260. Хашияту әл-Қалюби, 1/69. Хашияту әл-Жәмал, 1/170. Мәтәлибу ули ән-нуһә, 6/217-219. Рисәләту иршәди әс-сәйил илә дәләйили әл-мәсәйил, 50-51.

[2] «Бақара» сүресі, 195-аят.

[3] Ибн Мәжә, №1909.

[4] Әбу Дәуіт, №3687. Ахмад, 6/309.

[5] Хашияту әт-тахтауи, 665.

[6] Әд-Дурару әс-сунния фи әл-әжуибәту ән-нәждия, 15/60-61.

[7] Хашияту Ибну Абидин, 5/296. Хашияту әт-тахтауи, 665. Тахқиқу әл-Бурһан, 104-106.

[8] Әл-Мәусуғату әл-фиқһия, 10/107.

[9] Шауқи Ағләм, Фәтәуә әш-шәбәб, 313. https://aliftaa.jo/Question2.aspx?QuestionId=3436#.Y6iAUXZByUk

[10] https://www.elfagr.org/3568368https://aliftaa.jo/Question2.aspx?QuestionId=3436#.Y6kVFHZByUk

Пікірлер Кіру