Жоқтау айтуға бола ма?

15 маусым 2023 5576 0
Оқу режимі

Салтымызда жоқтау айту деген бар ғой. бірақ шариғатта оған рұқсат жоқ дегенді естіп қалып жүрміз. Жалпы жоқтау айтуға бола ма?


Жауап

Жоқтау – егер қайтыс болған адам бауыры не туысы болса, сол марқұмның тірі кезіндегі жақсылықтарын айтып, жылап еске алу. Бұл әдет қазақ
халқының ертеден қалыптасқан ғұрпына жатады. Мұндай жоқтау айту адам қайтыс болған күннен бастап үш күнге дейін жалғасуы мүмкін. Осы күндер аралығында туысқандар азалы отбасы мүшелерімен «бауырым-ай» деп қайғылы сарынмен көріседі. Әйелдер болса, бір бөлмеде отырып, қайтыс болған адамның жақсылықтарын есіне алып, жырға қосып жоқтау айтады.

Жоқтау сөзінің қазақ тілінің әмбебап сөздігіндегі діни мазмұны
былай көрсетілген:

Жоқтау елге қадірлі, беделді адамның қазасында оның тірісінде жасаған жақсылығын, шарапатты істерін мазмұнды етіп жырға қосып жеткізетін өлең. «Өлген кісіні жоқтау сол мезгілдің бір үлкен шарты» (С.Талжанов, «Ұлдай кегі»). «Жылау кез келген адамға айтылса, ал жоқтау сирек, тек лайықты адамдарға ғана бағышталады» (Х.Досмұхамедұлы, Шығармалары).

Қазақ халқының бұл әдет-ғұрпы әдебі мен шарты сақталса, ислам шариғатына қайшы келмейді. Ибн Кәсирдің «Әл-Бидая уән-ниһая»
кітабында Муса бин Ұқбадан мынадай риуаят айтылған:

Расулалла (Ухуд шайқасынан оралып) Мәдинаның көшелеріне
кіргенде, төңіректегі үй-үйден жылап жоқтау айтқан дауыстар есітілді. Ол: «Бұл не?» - деп сұрады. (Қасындағылар): «Бұлар - ансар әйелдері, өлгендеріне жоқтау айтып, жылап жатыр», - десті. Сонда Расулалла: «Бірақ Хамзаның жоқтау айтатындары жоқ», - деп, оған истиғфар айтты. Мұны Сағд бин Ұбада . Мұғаз бин Жәбәл және Абдулла бин Рауаха
есітіп, төңіректегі үйлерге барды да, Мәдинанын барша жоқтау айтып жылаушы әйелдерін жинап алып: «Аллаға ант етейін! Алдымен Пайғамбардың  немере ағасына жоқтау айтып жылаңдар, өйткені оның Мәдинада жоқтау айтушысы жоқ»,- десті.

Негізінде, бұл оқиға жайлы риуаят «Сунән Ибн Мәжә» және «Мүснәд Ахмет» кітаптарында келіп, онда Абдулла ибн Омар былай деген: (Ухуд шайқасынан оралған) Расулалла өтіп бара жатып Абдул-Ашхал руының әйелдері өздерінің Ухуд күнінде қайтыс болғандарын жоқтап жылап
жатқандарын есітті. Сөйтіп Ол: «Бірақ Хамзаның жоқтау айтатындары жоқ», - деді. Сонда ансарлардың әйелдері (үйінің қасына) келіп Хамзаны
жоқтап жылауға тұрды. Сосын Расулалла оянып: «Әттеген-ай! Осыған дейін тыйылмаған ба? Оларға бұйырындар, үйлеріне қайтсын және бұл күннен кейін қайтыс болғандарын жоқтап жылаушы болмасын» - деді.

Осы оқиғаның жалғасын Әліхан төре Сағуни өзінің «Тарихи Мұхаммади» атты кітабында былай келтірген: Расулалла ертеңіне оянған кезінде үйінің алдында жоқтау айтып жылап жатқан әйелдердің дауысын есітті. Сөйтіп: «Бұл не жағдай?» - деп сұрады. Сахабалар: «Ансар әйелдері Хамзаға арнап жоқтау айтып жатыр», десті. Сонда Расулалла оларға  ізгілік тілеп: «Алла сендерге және әулеттеріңе риза болсын»,- деп дұға етті де: «Енді үйлеріңе қайтыңдар», - деді. Және өлгендеріне қарап жоқтау айтып жылауға тыйым салды.

Сосын ансар сахабалары: «Уа, Расулалла, өлгендерімізді атап жылауға әйелдерімізге рұқсат берсеңіз, олардың тірліктегі жақсылықтарын атап жоқтау айтатын болса, біраз болса да көңілдеріміз жұбаныш табатын еді», - десті. Сонда Расулалла: «Әйелдер жылаған кезінде беттерін тырнап жарақаттамасын, шаштарын жұлмасын, көйлектерінің жағаларын жыртпасын, жағымсыз сөздерді айтып айқай салып жыламасын», - деген шартпен рұқсат берді. Міне, осы аталған шарттардың шегінен аспай, қайтыс болғандарының жақсылықтарын атап жоқтау айтатын болса зияны жоқ.

«Сүнән Ибн Мәжә» кітабында Әбу Һурайра былай жеткізген: Пайғамбар бір жаназада еді. Омар бір (жылап жатқан) әйелді көріп, оған қатты айқайлады. Сонда Пайғамбар: «Уа, Омар, оны өз жайына қалдыр. Әлбетте, (аза кезінде) көздер жасқа толады, көңілді қайғы басады әрі бұл жақында ғана болған қаза», - деді. 

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе Ислам ғұламалары жоқтау айтуды шариғат шарттарының шеңберінен шықпай, яғни беттерін тыр- намай, шаштарын жұлмай, көйлектерінің жағаларын жыртпай, мұсылман сеніміне қарсы күпірлік сөздерді айтпай, айқай салып жыламай, қайтыс болғандарының тек жақсылықтарын атап байсалдылықпен жоқтау айтатын болса зияны жоқ деген пікірге тоқтаған (Ибн Абидиннің «Хашият» кітабы, 3/147).

Пікірлер Кіру