Шошқадан алынған зат қосылған дәріні қолдануға бола ма?

30 қараша 2018 11876 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Ұлым қан рагымен ауырады. Оның емі үшін күніне кем дегенде екі мәрте гепорин деген зат енгізіледі. Сонымен қатар, басқа да дәрілер ішеді әрі қан құйылады. Біз шетелдеміз, мұнда гепаринді доңыздан алады екен. Әрі оның үстіне балаға құйылатын қан да осындағы тұрғындардың қанынан алынады. Бұл халал ма, әлде халал емес пе? Егер халал болмаса, басқа шығыс жолы бар ма?

Ыдырысов И.


Жауап

Уа алейкум ассалам. Сіздің сұрағыңызды бірнеше бөлікке бөліп қарастырамыз.

Біріншіден: мұсылманның қанын мұсылман емеске немесе керісінше мұсылман еместің қанын мұсылманға құюдың үкімі – жайыз, яғни еш тосқауыл жоқ. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) емнің жолын іздеуге қызықтырған. Оған дәлел Усаба ибн Шариктің (р.а) мына сөзі: «Мен пайғамбарға (с.ғ.с) бардым, қасында сахабалары бейне бір бастарында құс отырғандай тып-тыныш отыр екен. Мен сәлем бердім де отыра кеттім. Сөйтіп көшпелі арабтар жан-жақтан келе бастады. Олар: «Уа, Алла елшісі! Емделейік пе?» – деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Емделіңдер. Расында, Алла қайсы бір ауруды жаратса, онымен қоса оның емін де жаратқан. Тек бір ғана аурудың емі жоқ, ол – кәрілік»[1], – деп жауап берді. Міне, бұл хадисте емделу үшін еш шектеу қойылмаған. Ал, фиқх әдіснамасында мынадай қағида бар: «Жалпы келген нәрсеге нақты шектеу айтылмағанша, ол жалпы үкімін жоғалтпайды»[2]. Имам Хаттаби айтады: «Бұл хадис – медицина мен емделудің керектгін нақтылайтын хадис. Мұнда емделудің мәкруһ болмайтынын, керісінше мүбаһ екенін айтуда»[3].

Екіншіден: егер доңыздан алынатын гипарин деген зат химиялық немесе басқа жолдармен өңделіп, өзгертіліп басқа затқа айналса, онда оны дәрі ретінде егуге болады. Себебі, бұл өзінің негізгі табиғатынан жаңа басқа табиғатқа өзгерді. Өңдеу мен өзгерту – нәжісті тазалайтын бірден-бір жол[4].

Үшіншіден: егер ол зат негізгі болмысынан өзгермесе, онда оны пайдаланудың болып-болмауының үкімі оның орнын басатын басқа дәрілердің қолжетімділігіне байланысты болады. Егер оның орнын басқа дәрімен алмастыруға болатын болса, онда сол басқа дәріні қолданады. Ал, егер ол дәрінің орнын басар басқа дәрі болмаса, онда ол дәріні қолдана бересіз. Себебі мәжбүрлік харамды пайдалануға рұқсат етеді. Себебі, Алла Тағала Құранда:

وَقَدْ فَصَّلَ لَكُمْ مَا حَرَّمَ عَلَيْكُمْ إِلَّا مَا اضْطُرِرْتُمْ إِلَيْهِ

«Алла сендерге мәжбүр болмайынша жеуді харам еткен нәрселерін ашық баяндап, егжей-тегжейлі түсіндірді»[5], – десе, тағы бір жерде:

فَمَنِ اضْطُرَّ غَيْرَ بَاغٍ وَلَا عَادٍ فَلَا إِثْمَ عَلَيْهِ إِنَّ اللهَ غَفُورٌ رَحِيمٌ

«Ал, кімде-кім (басына аштан өлу қауіпі төнгендіктен) осы аталғандарды жеуге мәжбүр болса, онда өзгенің ақысын жемеу және зәрулік (яғни жүрек жалғарлық) мөлшерден асырмау шартымен жесе, күнә арқаламайды»[6], – дейді. Алайда, мәжбүрлік жағдай мәжбүрліктің мөлшерімен өлшенеді. Ендеше, мәжбүр болған мөлшер нақты болса, онда оны шамасынан асыруға болмайды. Себебі, харам нәрсені халал қылатын – мәжбүрлік. Мәжбүрлік үшін болмаған нәрсе әуелгі харам сипатында қала бермек.

Ең дұрысын Алла біледі.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Абу Дауд, Тирмизи
[2] Уажиз
[3] Маъалимус-сунан
[4] Бадаиъус-санаиъ; Мажмуъ; мауаһибул-жәлил
[5] Әнғам 119
[6] Бақара 173
 

Пікірлер Кіру