Намазға кедергі келтіретін нәжіс мөлшері қандай?

21 маусым 2019 20454 0
Оқу режимі

Салам алейкум. Маған дәрігерлер кей инелерді белгілеп берген еді. Осы инелердің іздерінен кейде қан бөлініп киімге жұғады. Қан жұққан киіммен намаз оқуға бола ма? Қан өзі нәжіс болып есептеле ме?


Жауап

Уа алейкум ассалам.

Сіздің сұрағыңызға жауап берер алдын нәжістің екіге бөлінетінін атап өтейік. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммадтың анықтамасы бойынша ауыр нәжіс – Құран мен сүннетте нәжіс екені нақты көрсетілген әрі одан сақтану мүмкін болған нәрселер. Ал, жеңіл нәжіс – нәжістігінде қайшылығы бар нәрселер.

Қан осы айтылған нәжістердің ауырына жатады. Ол – адамнан бөлінетін үлкен дәрет, кіші дәрет, ірің, құсық және шахуат санатында. Егер оның мөлшері бір алақанның ішкі аясынан аспайтын болса, намазға кедергі келтірмейді. Ал, одан асса, намазды онымен оқу дұрыс емес. Бұл мөлшер Омардың (р.а): «Егер нәжіс менің мына алақанымдай болса, онда ол намазға кедергі келтірмейді, асса келтіреді» деген сөзіне сүйенген. Бұл алақан мөлшері дирһам немесе динардың мөлшеріндей деп те көрсетіледі.

Имам Нахаи (р.а) бұл мөлшердің қайдан шыққаны жайлы былай дейді: «Маса, бит сынды жәндіктердің қандары мен көзге байқала бермейтін кішігірім нәжістің намазға кедергі жасамайтынын бірауыздан құптаған ғалымдар егер сол нәжіс мөлшерден көп болса, онымен намаздың оқылмайтынына да бірауыздан келіскен. Ендеше, осы екеуінің арасын бөліп-жаратын мөлшер ретінде истинжаның[1] көлемімен жуықтас келеді деп дирһам мөлшерін таңдады. Олар дирһам деп – отыратын жерге сілтеме жасаған-ды. Себебі, таспенен истинжа жасалған кезде нәжістің беті кеткенімен, қалдығы сол жерде бәрібір қалады. Міне, сол жердің мөлшері дирхаммен жуықтас. Бұл жағдайда намаз оқуға ғалымдар бірауыздан рұқсат берген. Осыдан дирхамның мөлшеріндей нәжіске кешірімнің барын байқай аламыз»[2].

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz cайтының діни сарапшысы

 

 

 


[1] Истинжа – үлкен және кіші дәреттен кейін нәжіс шыққан жерді тазалау. Бұл жерде Имам (р.а) үлкен дәреттің шығатын жерінің орнына сілтеме жасауда.
[2] «Ихтияр» кітабынан.

Пікірлер Кіру