Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қанша рет умра жасаған?

05 шілде 2019 12367 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Сіздерге қояр сұрағым, Мұхаммед (с.ғ.с.) пйағамбарымыз өмірінде қанша рет умра қажылығын өтеген? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы ақпараттарды көптеп білсек, баршамызға қайырлы болар еді.


Жауап

Уа алейкум ассалам! Сұрағыңыз өте орынды. Екі дүние сардарының (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры жайлы көбірек білуге талаптанғаныңыз құптарлық іс!

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінде 4 мәрте умра жасаған. Имам Бұхари және Муслимнің риуаятында Қатада: «Маған Әнәстің (р.а) айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) төрт мәрте умра жасады барлығы да зулқағда айында еді, тек қажылықпен бірге жасағаны тысында»[1], – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасаған кіші қажылық сапарларын төмендегідей тізбектеуге болады:

Біріншісі: Хижреттің 6-шы жылы Худайбия деген жерге келгенде, мушриктер кедергі болып, Меккеге кіргізбей сол жерде құрбандықтарын шалып, шашын алдырып, кері қайтқан.

Екіншісі: Қаза умрасы, Хижреттің 7-ші жылы умра жасап, Мекке қаласында үш күн болып оралған.

Үшіншісі: Хижреттің 8-ші жылы Хунәйн ғазауатынан кері қайтқан уақытында, әуелі Меккеге барып умра жасаған. Содан кейін Мәдинаға оралған.

Төртіншісі: Хижреттің 10-шы жылы қажылықпен біріктіріп жасаған умрасы.

Әйгілі ғұлама имам ән-Нәуәуи Алла Елшісінің (с.ғ.с.) зулқағда айында умра жасауының себебін былайша түсіндіреді. «Исламнан бұрын жәһилиет дәуірінде арабтар «зульқағда айында умра жасау – істердің ең жаманы» деп тыйым салатын еді. Олардың бұл сөздерінің жалған әрі ол айда жасалған умраның әбестігі жоқ екенін көрсету мақсатында жасады»,[2] – дейді.

Ғазиз Ахмет.

 


[1] Бухари, хаж, 1654; Муслим, хаж, 1253.
[2] Шарху муслим, 8/235.

Пікірлер Кіру