«Қожа Ахметтен тіле» деген сөзге шариғатқа қайшы емес пе?

16 тамыз 2019 6150 0
Оқу режимі

Еліміздің оңтүстік аймағында «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз бар екен. Бұл шариғатқа қайшы емес пе?


Жауап

Алдымен аталған тәмсілдің пайда болуына қысқаша тоқталар болсақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) көзі тірісінде жақын-жуықтарын жинап, келер ұрпаққа беретін аманаты бар екенін айтады. Жиында Арыстан баб бұл зор аманатты арқалауға дайын екенін білдіреді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Арыстан бабқа «құрманы» беріп, оны келер ұрпаққа жеткізуді аманат ретінде табыстайды.

Күндердің күнінде Қожа Ахмет Ясауи ұстазы Арыстан баб жолығып Алла Елшісінің (с.ғ.с.) аманатын сұрайды. Арыстан баб та «құрманы» иесіне береді. Қожа Ахмет Ясауи аманатты алып, тіл қатпастан кете барады. Арыстан баб: «Неге рахмет айтпайсың?» дегенде, Қожа Ахмет Ясауи рахметтің орнына: «Сізге келіп түнесін, менен тілек тілесін» деп жауап қатады.

Иә, ел арасында айтылатын ауыз-екі деректерде «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөздің осы әпсанадан шыққандығы баяндалады.

Әйткенмен, бұл дерек Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сүннеті хатталған негізгі хадис кітаптарында (Кутуби-ситтә) мүлде кездеспейді. Келесі бір аңыз-әпсаналарда Арыстан бабты атақты сахаба Сәлмани Фарс ретінде көрсетеді. Бірақ, Сәлмани Фарс (р.а.) сахаба Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген ХІІ ғасырда емес, Ирактың Мәдайна қаласында 657 жылы қайтыс болған.

Десек те, оңтүстік аймағында «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз неліктен кең тараған? Біз бұл сөздің шариғатқа қайшы немесе қайшы емес екеніне тоқталмас бұрын кейбір мәселелердің басын ашып алғанымыз жөн деп ойлаймын.

Жалпы өткенде баяндауда бір-бірімен сабақтаса бермейтін тарихи жазба деректер және фольклорлық деректердің болатыны көзі қарақты қауымға белгілі жәйт. Оқып-тоқыған адамдар ғана тарихи жазба деректердің анық-қанығын біліп ғылыми тұжырым жасай алады. Ал, қалың бұқараға қолжазба немесе мұрағат деректері қол жетімсіз болғандықтан, олар көбіне-көп өткен тарихты фольклорлық деректер арқылы бағамдайды. Сол секілді шариғат құндылықтарын да ғұламалар мен қалың бұқара әртүрлі деңгейде бағалайды. Мәселен, Алланың кәламы – Құран кәрім аяттарының қайсысы мансұқталған, қайсысы насух күшіне ие, қайсысы жалпыға тән, қайсысы жалқыға тән екенін қалың бұқара біле бермейді. Сондай-ақ, сүннетте де қайсы хадистің салиқалы, қайсы хадистің әлсіз (дағиф), қайсы хадистің тоқыма (маудуғ) екенін былайғы жұрт айырып жатпайды. Ғұламалар болса, әрбір аят пен хадисді егжей-тегжейлі зерттеп, аяттың қандай себепке орай нәзіл болғанын, аяттың күші жойылып-жойылмағанын, сондай-ақ, хадистің жеткізілуінде үзілістің бар-жоғын, рауилердің бір-бірін көріп-көрмегенін тексеріп және т.б. көптеген осындай шарттар арқылы аят-хадиске баға береді.

Демек, ғұламалар ақи-тақи зерттеп, әрбір мәселеге кірпияздықпен қарайды. Ал көпшілік өзінің қарабайыр танымының негізінде баға береді. Осыдан тұрғыдан тәжірибеге қарайтын болсақ, ғұламалардың діндарлығы мен халықтың діндарлығы бөлек-бөлек категорияда өрбіп жатады. Яғни, «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөзді аталмыш тарихи тұлғаларға деген қалың бұқараның махаббатынан туындаған тәмсіл һәм халық діндарлығының көрінісі деп түсінгеніміз жөн.

Әсілі, Алладан емес, адамнан тілеудің ширк шақыратын ұғым екені еш дау тудырмайды. Десе де, бұл мәселеге ақида іліміндегі «тәуассулмен» (Алладан сұрағанда араға дәнекер қою) жауап беруімізге де болады. Біздің пайымдауымызша ясауи тариқаты өкілдерінің «Арыстан бабқа түнеп, Қожа Ахмет Ясауиге зиярат (тәуассул) жасап, Алладан тіле» деген сөзі ел ішінде қысқартылып «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деп өзгеріске ие болып, ұйқасқа ие мақал тәрізді айтылған болуы әбден ықтимал.

Ал, әһлі сүннет сеніміне сай тәуассул жасау шариғатқа қайшы емес екені белгілі. Және де тарихи шарттармен қарайтын болсақ, «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз кең тараған оңтүстік аймағы Қарақан дәуірінен бермен әһлі-сүннет сенімін ұстанатын кеңістік саналады. Аталмыш тәмсілдің тәуассул ұғымымен астасып жатқанын білетіндіктен де халық өз арасында бұл сөзді именбестан айта алған тәрізді. Яғни, «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз тәуассулге сай астарлы мағынада айтылған болуы бек мүмкін. Ал, анық-қанығы – Аллаға ғана аян!

Мұхан ИСАХАН
kazislam.kz сайтынан алынды

Пікірлер Кіру