Намаздың ләззатын cезіну үшін не істеймін?

07 қыркүйек 2020 9352 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Намаз оқысам немесе басқа да бір құлшылық жасасам рақат сезінбейтін болдым. Керісінше, қиналып оқимын. Соның салдарынан намазым дұрыс емес пе, әлде қабыл болмай жатыр ма деп қорқамын. Намазды бастаған шақтарда бойымда бір күш-қуат пен рақат сезінетінмін. Сұрағым, құлшылықтың рақатын сезіну үшін не істеуге болады?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Намаз және басқа да құлшылықтың рақатын сезініп орындау үшін мына жайттарға мән берген жөн:

Намазға дайындық:

1. Барлық сүннеті мен мұстахаптарын толығымен ескеріп дәрет алу. Осман бин Аффан (р.а.) риуаяты: Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім кірген парыз намазына дәретін жақсылап алып, намазды Алладан қорқып және рүкуғтерін жақсылап жасап оқыса әуелгі намаздан бергі қате-күнәларына кәфарат болады. Бірақ үлкен күнә істемеген болуы тиіс. Міне, бұл өмір бойына жалғаса бермек[1]», - деген сөзін естідім, - дейді.

2. Намаз уақытына мән беру. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) ең қайырлы амал не? - деп сұрағанда: «Әуелгі уақытында оқылған намаз[2]», - деген.

3. Мүмкіндігінше, намазды жақсы киімде және хош иіс сеуіп оқу.

4. Жамағатпен оқу.

5. Намаздан кейінгі Аятул-Курси оқу, тәсбі тарту және дұға жасау сияқты нәпіл амалдарға ерекше мән берген жөн. Жұмыс үстінде және көшеде салауат айту және истиғфар зікірлерін мейлінше көп айтуды дағдыға айналдырған жөн. Салауат пен истиғфар зікірлері тілектің қабыл болуына ең көп әсер етуші дұғалар.

Омар бин Хаттаб (р.а.): «Расында, жүректің талпынып және кері кетіп тұратын сәттері болады. Талпынған сәтте нәпіл құлшылық істеңдер, кері кеткенде парыз құлшылық жасаңдар», - деп айтқан.

Адамның жүрегі кейде құлшылыққа ұмтылып, құлшынып тұрады. Мұндай сәттерде нәпіл намаз оқып, Құран Кәрім оқып құлшылықты көбейте түскен жөн. Ал, әлсіреп тұрған шақта парызды тыңғылықты орындаумен шектелген дұрыс.

Сонымен бірге, бос сөзден тыйылу, көзді харамнан сақтау және дастарқандағы астың адалдығына мән беру құлшылықты мейлінше рақаттана жасауға және ғибадат ләззатын сезінуге әсер етеді.


[1] Муслим
[2] Дарақұтни, Хаким

Руслан Камбаров

Пікірлер Кіру