БАС МҮФТИ «БӨЛІМ САҒАТЫН» ӨТКІЗДІ (ФОТО)

06 мамыр 2024 358 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен «Бөлім сағаты» жобасы бойынша кезекті Аппарат жиналысы өтті.

Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының жұмыс есебі тыңдалды. Қор директоры Мақсатбек Қайырғалиев Бас мүфти бастамасымен жүзеге асқан «Қиындықта ел бірге» акциясы аясында атқарылған іс-шаралар жайлы баяндады.

Жиналыс барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Зекет және қайырымдылық» қорының халыққа қызмет ету жолындағы маңызды бағыттарымыздың бірі екені даусыз. Сол себепті бұл саладағы жұмыстарды тиянақты орындау қажет. Әсіресе ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде қорға қарасты еріктілер тобы, дін қызметкерлерінің еңбегі ерекше» деп атап өтті.

«Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлының айтуынша, «Қиындықта ел бірге» акциясы аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Діни басқарма қызметкерлері ауқымды қайырымдылық іс-шараларды атқаруда.

«Осы ретте «Зекет және қайырымдылық» қорының «Су тасқынынан зардап шеккендерге шұғыл көмек» қайырымдылық жобасы бойынша республика көлемінде кең ауқымда материалдық және қаржылай көмек көрсетілді. Атап айтқанда бүгінгі күнге дейін апаттан зардап шеккен Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, СҚО облыстарына 150 газель, 84 фура, 2 камаз, 15 альфард, 8 эвакуатор, 1 поезд вагоны (102 тонна ұн, 516 тонна жарма (күріш, гречка, макарон, қант), 148 тонна (күнбағыс майы), 12 303 төсеніш, 470 776 тұрмыстық зат, 3 778 резенке етік, 334 782 құрал-сайман жеткізілді.

Сонымен қатар 25 қайық, 3 қайық моторы, 5 дизельді генератор, 3 баспана, 2 қажылық сертификаты табысталды. Сондай-ақ, 9 940 адамға күнделікті ыстық тамақтар әзірленіп, аталған облыстар бойынша жалпы саны  мешіт имамдары мен жамағатынан құралған 2060 «қайырымдылық жаршылары» еріктілері жұмылдырылды» деді қор директоры.

Жиында ҚМДБ басшылық құрам мен бөлім меңгерушілері қор жұмысын одан әрі жетілдіру бойынша өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру