Болашақ қажылар сабақ ала бастады
Енді бірсыдырғы уақыттан кейін мұсылмандар қасиетті Меккеге қажылық парыздарын өтеуге аттанады. Бұл сапарға көкшелік намазхандар да жан-жақты дайындық жасауда. Қазір «Науан хазірет» орталық мешітінде болашақ қажыларға арналып, дәріс сабақтары бастау алды.
Мешіттің наиб имамы Мейіржан Рахматуллаұлының айтуынша, қазір күніне екі мезгіл бес парыздың бірін орындау амалдары жайлы ақпараттар беріледі. Қажылық парызды өтеу барысында қасиетті жердегі әр басқан қадамыңнан сауап есіп тұрады. Имамдар осы жайлы айтып, сауалдарға толымды жауаптар қайтарады. Себебі, қажылықты өтеу кезінде айтылатын дұға тілектерді жаттап, діни жоралғыларды біліп барудың маңызы зор. Бұл Мүфтият тапсырмасымен қолға алынған дәрістер, дейді наиб имам.
Қажылыққа алғаш барғалы отырған Шияп Әлиевті сөзге тартқанымызда: “Мешіттегі әр сабақты босатпаймын, әр дәріс біздің көкірегімізге діни білім нұрын құяды»,- деді ол.