Түркістанда аймақтық діни семинар өтті (ФОТО)
Бүгін ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсесінде «Ер Түріктің бесігі – рухани жаңғырған Түркістан» атты аймақтық діни семинар өтті. ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсесі тарапынан алғаш ұйымдастырылған семинарды ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай Тағанұлы ашып, жүргізіп отырды.
Семинарға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев, ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Атынбек Ұтысханұлы, ҚМДБ-ның Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов, дінтанушы-ғалым, профессор Досай Кенжетай, Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр Әлимұхаммедұлы Жұмабаев, Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы Болатбек Ұласқанұлы Абуов және Дін істері басқармалары мен дін мәселелерін зерттеу орталықтарының басшылары, республикаға белгілі дінтанушы-теологтар, «Шымкент», «Сарыағаш» медресе-колледждерінің басшылары, облыстағы мешіттердің имамдары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту, деструктивті діни ұйымдардың алдын алу мақсатында облыстық жергілікті ақпараттық-насихат топтары (ЖАНТ) мүшелерінің біліктілігін көтеру, діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде сақтану шараларын жетілдіру, қоғамда кереғар ағымдарға қарсы тұратын бірыңғай иммунитет қалыптастыру - семинардың басты мақсаты болды.
Семинар барысында арнайы баяндамалар тыңдалып, қатысушылар алда атқарылатын жұмыстарын айқындап алды.