Қыз баласына махрамсыз жолға шығуға бола ма?

18 қаңтар 2021 11454 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Қазіргі таңда, қыз баласы махрамсыз оқу, саяхат және іссапар сияқты түрлі себептермен жолға шығады. Осылайша қыздың сапарға шығуына бола ма?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Әйелдің ешбір махрам туысынсыз сапарға шығуы жолдың, көліктің, баратын жердің қауіп-қатерсіз болуы және әйелдің ешбір қиыншылық көрмеуімен тығыз байланысты.

Ғади бин Хатим (р.а.): «Егер өмірің ұзақ болса, Хирадан жолаушы боп шығып, Кағбаны тауап етіп, Алладан басқа ешкімнен қорықпайтын әйелді көресің[1]», – деген хадисті жеткізеді.

Сонымен бірге, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің жаным қолында болған Алламен ант етемін, бұл істі (Ислам дінін) Алла қауіпсіз етеді. Тіпті, жолаушы әйел ешбір серігінсіз Хирадан шығып, Алланың үйін (Кағбаны) тауап етеді[2]», – деген.

Ғалымдар осы мағыналас хадистерді негізге ала отырып, барлық жағынан сапар қауіпсіз болған жағдайда әйел жалғыз жолаушы боп жүре алатынын айтқан. Ал, әйелдің махрамсыз сапар қашықтығына жолға шығуын тыйым салған хадистер жолдағы кездесетін қауіп-қатер себепті айтылған.

Қорыта айтқанда, әйелдің жалғыз жолаушы боп сапарға шығу үшін үйінен көздеген жеріне барып-қайтқанша және жол үстінден толығымен қауіпсіз болуы қажет. Ал, әйелдің өміріне, ар-намысына зәредей қауіп болса, діни амалдарын орындауда қиындық туындаса, міндетті түрде жанында қорған болатын мархам туысы болуы тиіс.

 


[1] Бұхари
[2] Ахмед

Тегтер: махрам әйел
Пікірлер Кіру