Бір отбасыға бір құрбандық жете ме?

14 шілде 2021 8920 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Менің құрбандыққа қатысты сұрағым бар еді. Құрбандықты әр адам өз атынан шалу керек екенін білемін. Ал, отбасының барлық мүшелері атынан деп бір ғана адам құрбандық шала алады ма? Тұрмыс құрмаған отбасы мүшелерінің  атынан әкесі шала алады ма? Осы сұраққа жауап берсеңіздер. Айнұр.


Жауап

Уағалейкумуссалам!

Айнұр, Ханафи мәзһабы бойынша төмендегі талаптарға сай келетін әр адамға құрбандық шалу уәжіп:

  • Мұсылман  болуы керек
  • Тұрғылықты (жолаушы болмау)
  • Ақыл-есі дұрыс
  • Балиғатқа толған  
  • Бақуатты[1]. (Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін артық мүлікке ие болу).

Бұл дегеніміз, бір отбасыдағы кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және де өзінің жеке байлығы бар ұл-қыздары мен өзінің жеке байлығы бар зайыбы да өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Әкесінің шалған құрбандығы оларға жүрмейді.

Бірақ, өз дүниелері болмаса, отағасының шалған құрбанының сауабы оларға да жазылады. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбанының сауабын үмбетімен де бөлісетіндігі риуаят етіледі. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді: «Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.ғ.с.) намаздан шығып, бір қошқар алып келді. Оны құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан», – деді»[2]. 

[1] Ибн Ғабидин, әл-Һәдия – 162 бет.
[2] Ахмәд -14423

Абдусамат Қасым

Пікірлер Кіру