Имамға ұйыған адамның «Фатиханы» оқуы керек пе?

11 тамыз 2021 9787 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум!

Бес уақыт намазда, мейлі дауыстап оқитын немесе іштей оқитын болса да, ұюшының «Фатиханы» оқуы шарт па? «Фатиха оқылмаса, намаз дұрыс емес» деген мағынада хадис бар деп естідім.


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Малики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтарында «Фатиханы» оқу – уәжіп. Оған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кітапты ашушыны (Фатиха) оқымаған адамның намазы – намаз емес» деген сөзін негіз етеді.

Малики және Ханбали мәзһабтарында дауыстап оқитын намаздарда ұюшы мүлде қырағат етпейді. «Фатиханы» да, қосымша сүрені де. Ал, Шафиғи мәзһабында дауыстап оқитын намазда қосымша сүре оқымағанмен, «Фатиха» оқылады.

Ал, Ханафи мазхабы бойынша, имамға ұюшы адам қырағат жасамайды. Оған төмендегі аят-хадистер дәлел:

1. Құран Кәрімнен: «Алланың рахметіне бөлену үшін, Құран оқылғанда құлақ қойып, үнсіз тыңдаңдар[1]». Имам Ахмет: «Барлық ғалымдар бірауыздан бұл аят намазға қатысты деген», – дейді. Аят қырағатқа құлақ салып, үнсіз тыңдауға әмір етуде. Демек, дауыстап және іштей оқылатын барлық намазда ұюшы үнсіз тыныштық сақтауы тиіс;

2. Хадистен: «Имам оған ұю үшін қойылады. Ол тәкбір айтса, тәкбір айтыңдар. Егер қырағат етсе, үнсіздік сақтаңдар[2]»;

3. Хадистен: «Пайғамбар (с.ғ.с.) бесін намазын оқыды. Бір кісі оның артында тұрып: «Саббих исма Роббикә Әълә» сүресін оқи бастады. Намаз біткен соң: «Қайсың қырағат еттіңдер?» – деп сұрады. Әлгі адам тұрып: «Мен», – деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендердің бірің менімен тартысып тұр екен деп ойладым[3]», – деген екен. Бұл қатаң тиымды білдіреді[4].

4. Қиястан. Егер имамға ұюшыға қырағат жасау уәжіп болса, кешігіп жамағатқа қосылғанға (масбуқ) да міндет болар еді. Ал, бұл шариғатта көрсетілмеген[5].

Ханафи мазхабы бойынша, жоғарыдағы аят-хадистерді негізге ала отырып, имамға ұюшы қырағат етпейді.

Руслан Камбаров


[1] «Ағраф» сүресі, 204-аят.
[2] Муслим.
[3] Бұхари, Муслим.
[4] У.Зухайли, Ислам фиқһ энциклопедиясы, 1-том, 692-бет.
[5] У.Зухайли, Ислам фиқһ энциклопедиясы, 1-том, 692-бет.

 

Пікірлер Кіру