Ғидда мерзіміндегі әйелге үйленудің үкімі

26 қараша 2021 10897 0
Оқу режимі

Ғидда мерзіміндегі әйелге үкімі қандай? Жалпы, ғидда мерзімі қанша?


Жауап

Шариғат бойынша әйел адамның күйеуі қайтыс болғаннан соң немесе ажырасқаннан кейін белгілі уақыт күтуі, яғни ғидда мерзімін өткізуі міндетті. Бұл кезде әйелге құда түсуге де, үйленуге де болмайды.

Құран Кәрімде: «Ал талақ етілген әйелдер өздерін [қайта тұрмысқа шығу үшін] үш етеккір мерзімін күтеді. Оларға, егер Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген болса, жатырларындағы Алланың жаратқанын жасыруларына болмайды»[1], – деп бұйырылған.

Аяттағы «қуруъ» сөзі «тазалық» және «хайз» (етеккір) деген екі мағынаны білдіреді. Ханафи мазхабы «хайз» деген мағынасын негізге алады. Хайзы келмеген немесе жасы өтіп хайзы тоқтаған әйелдердің ғидда мерзімі – үш ай, ал жүкті әйелдікі босанғанға дейін жалғасады. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Ал әйелдеріңнен етеккірден күдер үзгендері болса, егер (олардың мерзімдері жайында) күмәндансаңдар, онда олардың, сондай-ақ етеккір келмегендердің иддалары – үш ай. Ал жүкті әйелдердің (ғидда) мерзімдері –нәрестелерін босанғанға дейін»,[2] деп айтылған.

Күйеуі қайтыс болған әйелдің ғидда мерзімі – 4 ай 10 күн. Бұған төмендегі аят дәлел: «Ал сендердің біреулерің қайтыс болып, артында жұбайларын қалдырса, олар өздерін төрт ай он (күн) күтеді»[3].

Шариғат бойынша күйеуі қайтыс болып, ғидда мерзімін күтуші әйелді астарлы ишарамен айттыру құпталады. Бірақ оған ашық түрде құда түсу, онымен уағдаласу, некелесу дұрыс емес. Бұл жайында Құран Кәрімде былай баяндалады: «Сендердің (мерзімдері аяқталған) әйелдерді айттыруды тұспалдап білдірулеріңде не (көңілдеріңді) іштеріңе сақтауларыңда тұрған еш күнә жоқ. Алла сендердің оларды естеріңе алатындарыңды біледі. Бірақ та оларға [әйелдерге] астыртын уәде бермеңдер, тек игі сөз сөйлеңдер. Жазылған [мерзім] межесіне жеткенше неке келісіміне де кіріспеңдер. Әрі Алланың сендердің іштеріңдегіні білетіндігін біліңдер де, Одан сақтаныңдар! Және Алланың Аса Кешірімді әрі Ұстамды екендігін біліңдер!»[4].

Ғидда мерзімінде әйелдің жүкті немесе жүкті еместігі анықталады. Егер құрсаққа бала біткен болса, тегі шатаспайды.

ҮКІМ:

Күйеуімен баин[5] талақпен ажырасқан, ғидда мерзіміндегі әйелге үйлену ниетін ашық түрде де, тұспалдап та айту, құда түсу, үйлену (неке қию) – харам. Күйеуі қайтыс болған ғидда мерзіміндегі әйелге үйлену ниетін астарлы сөзбен, ым-ишарамен айттыруға болады.

Ражиғи[6] талақтағы ғидда мерзімін күтуші әйелге үйлену үшін тұспалдап сөйлеуге де, ашық айттыруға да болмайды. Некесі қиылған, бірақ шымылдыққа кіріп, күйеуімен оңаша қалмаған қыз немесе әйел талақ етілгеннен соң, оның ғидда мерзімін күтуі міндет емес. Ол ғидда мерзімін күтпей басқа ерге күйеуге шыға алады.  

 


[1] «Бақара» сүресі, 228-аят.
[2] «Талақ» сүресі, 4-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 234-аят
[4] «Бақара» сүресі, 235-аят
[5] Неке бұзылып, жаңа бір неке болмайынша, ерлі-зайыптылық өмірді жалғастыруға мүмкіндігі жоқ талақты «баин (айқын) талақ» деп атайды.
[6] Ғидда мерзімі аяқталғанға дейін жаңа неке қимай-ақ райынан қайтып, әйеліне қайта қосылуына мүмкіндік беретін талақты «ражиғи (қайту) талақ» деп атайды.

Автор: Fatua.kz – ҚМДБ Шариғат және Пәтуа бөлімі

Пікірлер Кіру