Қан тапсырудың шариғи үкімі қандай?

14 қаңтар 2022 7323 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Қан тапсыру шариғат бойынша қайырымдылық етуге жата ма?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Мұсылманның өз бауырына жәрдем етудің ең жақсы жолдарының бірі – қан тапсыру. Қан тапсыру арқылы, әсіресе, төтенше жағдайда жедел жәрдемге мұқтаж жандарға көмектесу – ең қайырымды істің бірегейі. Бұл ізгі амал адамдарға өмір сыйлауға үлкен себеп. Құран Кәрімдегі: «... Кім кісі өлтірмеген не жер бетінде бұзғыншылық жасамаған бір адамды өлтірсе, шын мәнінде, ол адамдардың барлығын өлтіргендей болады, ал кім оны тірілтсе, адамдардың барлығын тірілткендей болады...»[1], – деген аят соның айғағы.

Хадисте: «Кімде-кім бауырына көмек етуге мұршасы болса, қол ұшын берсін»[2], – деп айтылған. Дегенмен, қан тапсыру адамның өз денсаулығына кері әсерін тигізбейтініне көз жеткізгені жөн.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мынадай хадисі тағы бар: «Кімде-кім мұсылманның бұл дүниедегі уайым-қайғысын сейілтсе, Алла оның қияметтегі бір уайым-қайғысын сейілтеді. Қиындыққа тап болғанның жағдайын жеңілдетушіге Алла бұл дүние мен қияметте жеңілдік береді... Бауырына қол ұшын беріп тұрушы пендеге де Алла өз жәрдемін тоқтатпайды»[3].

Қаржылай садақа беріп, қайырымдылық етудің қаншалықты сауап екені белгілі. Мұндай ізгі амалдың қайырымы жеті жүз есеге дейін еселеп беріледі. Тіпті, одан да асырып берілетіндігі айтылады. Ал, қан тапсырудың сауабы садақа беруден де жоғары. Өйткені, бұл – адамға өмір сыйлаумен пара-пар. Ал, адам өмірінің мал-дүниеден әлдеқайда қымбат екенін айтпаса да болады.  Алла Тағаланың жаратылысына жақсылық жасау – аса мол сауаптың көзі. Тіпті, жануар екеш жануарға жасалған жақсылық себепті жәннаттық болғандар жайлы хадистер бұған куә. Ал, мұсылманның өмірін сақтап қалуға себепші болудың орны әлдеқайда жоғары екені даусыз.

 


[1] «Мәида» сүресі, 32-аят.
[2] Ибн Хиббан.
[3] Муслим.

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру