Күнә қайтсе жойылады?

16 ақпан 2022 7986 0
Оқу режимі

Ассалямуалейкум! Үлкен күнә істеп, артынан сол іске қатты өкінсе, Алла кешіреді ме? Ол үшін қандай шарты бар?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Жаратушы өз кітабында пенденің кез келген күнәсін кешіретіндігін, алайда Өзіне серік қосуды кешірмейтіндігін баян етіп: «Алла Тағала өзіне ортақ қосылуды жарылқамайды да, бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды...»,[1] – дейді.

Мұсылман жан біліп немесе білмей үлкен және кіші күнә жасаса, міндетті түрде тәубе етуі қажет. Тәубесі шынайы болуы шарт. Шынайы тәубені Құранда «насух тәубе» деп айтқан. Бұл турасында Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Аллаға шынайы (насух) тәубе қылыңдар...»,[2] – деп әмір етеді.

Шынайы (насух) тәубе жайлы Үбай бин Кағб (р.а.): «Істеген күнәға өкіну, өзін жазғыра отырып Алла Тағаладан кешірім сұрау және ешқашан қайталамауға бел буу»,[3] – дегенді риуаят еткен.

Күнә Алла Тағала ақысына байланысты болса, оның үш шарты бар:
1.Істеген күнәсіне шынайы өкіну;
2.Лезде бұл істен бойын алшақ ұстау;
3.Бұл күнәға жоламауға бел буу.

Осы үш шарттың бірі орындалмаса, тәубе дұрыс болмайды[4].

Ал, егер күнә кісі ақысымен байланысты болса, оның төртінші шарты бар – ақысын өтеу. Ақша, ғимарат сияқты дүние-мүлік заттары болса, оны кері қайтаруы шарт. Ал, ғайбат, өсектеу сияқты тілмен жасалған күнә болса, кешірім сұрау.

Өйткені, адамның күнәсі Алла Тағалаға немесе адамдарға қатысты болып екіге бөлінеді. Бұл жайлы Әнас бин Малик (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Зұлымдық – үшеу, олар: Алла Тағала кешірмейтін зұлымдық, Алла Тағала кешіретін зұлымдық және Алла Тағала жай қалдырмайтын зұлымдық. Алла Тағала кешірмейтін зұлымдық – серік қосу. Алла Тағала кешіретін зұлымдық – пенденің өз-өзіне жасаған зұлымдығы. Алла Тағала жай қалдырмайтын зұлымдық –адамдардың бір-біріндегі хақысы»[5], – делінген.

 


[1] «Ниса» сүресі, 48-аят.
[2] «Тахрим» сүресі, 8-аят
[3] Мұхтасар тафсир Ибн Касир, 3-том, 644-бет.
[4] Бахр Калам, 163-бет.
[5] Мұхтасар тафсир Ибн Касир, І-том, Ниса сүресі, 48-аят, 486-бет.

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру