Жұмыс істеп жүріп Құран тыңдауға бола ма?
Ассаламу алейкум! Құрылыста немесе басқа да шаруамен айналысып жүріп Құран дискін тыңдауға бола ма?
Жауап
Уа алейкум ассалам!
Құран Кәрімде: «Құран оқылған кезде оны ден қойып тыңдап, тыныштық сақтаңдар, мейірімге бөленесіңдер[1]», – деп әмір етілген.
Бұл аяттан екі мәселе туындайды:
1. Намазда имамға ұйып тұрған адам Құран оқымайды. Тек құлақ салып, үнсіздік сақтайды. Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) дауыстап оқитын намаздан кейін: «Сендерден біреу жаңа ғана менімен қосылып тиләуат етті ме?» – деп сұрайды. Бір кісі: «Иә, Алла елшісі», – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Неге менімен Құранда (оқуда) таласасыңдар?» – деді. Осы оқиғадан кейін адамдар Алла елшісімен (с.ғ.с.) қосылып намазда Құран оқуды доғарды[2]», – деп риуаят етті.
Және Жәбир (р.а.) риуаят еткен бір хадисте: «Кім имамға ұйып тұрса, оның қырағаты оған (ұюшыға) қырағат[3]», – делінген. Осы мағыналас аят-хадистерді негізінде ханафи мазхабы бойынша, ұйыған адам (дауыстап және іштей оқылатын) барлық намазда тиләуат етпейді.
2. Намаздан тыс орында Құран тыңдау.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран оқыған кезде Мекке мүшріктері жұрт естімесін деп әдейі дауыс шығарып, улап-шулап сөйлесе бастайтын[4].
Олардың бұл әрекеті Құран Кәрімде: «Және қарсы келушілер (кәпірлер) «Бұл Құранды тыңдамаңдар, оқылғанда шуылдаңдар. Бәлкім, жеңіске ие боларсыңдар» десті[5]», – деп баян етілген.
Демек, мұсылман Құран дискін қосып қойып, Құранға деген құрметін сақтаған күйде өз жұмысын немесе шаруасын істеп отырып, аяттарды тыңдауында ешбір айып жоқ. Әбу Һурайра (р.а.): «Кімде-кім Алла Кітабының бір аятын тыңдайтын болса, оған еселеп сауап беріледі, ал тиләуат етушіге (оқыған аяты) қиямет күні нұр болады[6]», – деген хадис риуаят еткен.
[1] Ағраф сүресі, 204-аят
[2] Ахмед
[3] Муатта
[4] Фауаид Құран, Тафсир Ибн Касир, 2-том, 96-бет
[5] Фуссыләт сүресі, 26-аят
[6] Ахмед
Автор: Muslim.kz порталы