ЗЕКЕТТІ ТУҒАН АҒАЙЫНДАРҒА БЕРУГЕ БОЛА МА?

10 қаңтар 2024 2464 0
Оқу режимі

Сұрақ: Зекетті туған ағайындарға беруге бола ма?


Жауап

Зекет – мал-мүлкі нисап мөлшеріне[1] жетпеген мұқтаж кісілерге беріледі. Алайда пақыр болса да зекетті өз ата-анасына, жұбайына және балалары мен немерелеріне бере алмайды[2]. Себебі бұл кісілерге зекет емес, нәпақа[3] берілуі тиіс.

Ал туған аға-інілеріне, жақын туыстарына, әпке-қарындастарына және жоғарыда аталған жақындарынан басқаларына зекетті беруге болады[4]. Зекетті туыстарына берген адам зекеттің сауабымен қатар туыстық қатынасты нығайтудың сауабын да алады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында:

الصدقة على المسكين صدقة، وهي على ذي الرحم اثنتان؛ صدقة وصلة

«Міскінге берілген садақа – бір садақаға, ал оны туған туысқа беру – екі садақаға тең: садақа беру әрі туыстық қатынасты нығайту»[5], – деген.

Имам Тахтауи: «Зекетті жақын туыстарға берген абзал. «ән-Наһр» атты кітапта былай делінген: «Зекетті мұқтаж жақын туыстарына, кейін олардың балаларына, сосын көкелеріне, одан кейін нағашыларына, сосын басқа туыстарына, содан соң көршілеріне берген жақсырақ»[6], – деген деректі келтіреді.

Әл-Фәтәуа әл-Һинияда: «Зекет, пітір және нәзірді мына тәртіппен берген жақсырақ:

1. Аға-інілері мен әпке-қарындастарына;

2. Олардың балаларына;

3. Әке жағынан ағалары мен апаларына;

4. Олардың балаларына;

5. Нағашылары мен нағашы апаларына;

6. Олардың балаларына;

7. Ағайындарына;

8. Көршілеріне;

9. Бірге жұмыс істейтіндерге;

10. Бір ауылда не қалада тұратындарға»[7], – деп келтірілген.

Сондықтан зекетті мұқтаж туған бауырларына, аға-інілеріне беруге болады. Басқа мұқтаждардан қарағанда жағындардың орны ерекше әрі туған бауырына берілген зекеттің сауабымен қоса туыстық қарым-қатынасты нығайтудың сауабын да алады.     

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі 

 

[1] Нисап мөлшері – 85 грамм алтынға, яки соның құнына тең келетін қаражат, сондай-ақ, 40 қой, 30 қарамал, 5 түйе.

[2] «әл-Һидәя», 2/232.

[3] Нәпақа – араб тілінен қазақ тіліне енген «тұрмыс құны» (яғни; орташа статистикалық үй қожалығының белгілі бір уақыт кезеңінде жұмсаған ақша сомасы) деген мағынаны білдіретін сөз. Негізгі мән-мағынасы үй отағасының тұрмыс құнын өтеуі тиіс болған жандарға қажетті нәрселерін (азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, баспана т.б.) қамтамасыз ету.

[4] Абдулғани ал-Ғунейми, «әл-Любаб фи шархи әл-китаб», 165.

[5] Имам Ахмад және Имам Тирмизи жеткізген хадис.

[6] «Хашияту әт-Тахтауи әлә Нурул-идах», 722.

[7] «әл-Фәтәуа әл-Һиния», 1/252. 

Пікірлер Кіру