Құран үйрететін әйел етеккір кезінде не істеу керек?

26 желтоқсан 2018 16044 0
Оқу режимі

Әссәләмуғалейкум! Мен «Құран оқып үйрену» дәрісінен әйелдерге сабақ беремін. Өздеріңіз білесіздер, әйел затының әр ай сайын келетін етеккір (хайыз) мерзімі болады. Кейде кейбір оқушы қыздар осы себепті апталап сабақтан қалып жатады. Осындай жағдайда, Құран үйретіп-үйрене берсе бола ма?  


Жауап

Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдерге хайыз кезінде Құран оқудан тыйғаны белгілі[1]. Хадистерге сүйене отырып ғалымдарымыздың басым көпшілігі хайыз және жүніп кезінде Құран оқуға рұқсат бермеген.

Дегенмен, Ханафи мәзһабының ішіндегі кейбір ғұламалар (Имам Тахауи[2], Имам Кәрхи[3]  р.а.): «мұғалім әйелдерге хайыз кезінде бір аятты толығымен оқымастан жартылай бөліп-жарып оқу арқылы, өзгеге үйретсе болады[4]» десе, Мәлики мәзһабындағы ғұламалар «хайыз және нифас кездеріндегі Құран үйретуші және үйренуші әйелдерге Құранды ұстау әрі оны оқуға рұқсат етіледі. Себебі, бұл қажеттілік. Ал жүніп болған ер кісілерге бұл болмайды, өйткені, олар таяммум алып не ғұсыл құйыну арқылы тазалана алады[5]», - деген.

Ғұламалардың жоғарыдағы пікірлеріне сүйене отырып, қазіргі күнгі дін мамандары «Құран үйретуші және үйренуші әйелдер етеккір уақыттарында тәлімдерін жалғастыруларына болады» деген тоқтамға келген[6].

[1] Ибн Мәжә риуаят еткен – 595,596
[2] Хижри жыл санағы бойынша 321 жылы  дүниеден озған
[3] Хижри жыл санағы бойынша 260 жылы дүниеге келген
[4] а) Бурханиддин әл Бухари, Мухыт: 1 том, 217 бет;
      ә) Ибн Абидин, Раддуль мухтар: 1 том, 488 бет;
      б) Тахауи, Мухтасарут Тахауия: 18 бет.
[5] а) Әль Бағдади Мәлики, Тәлқин: 1 том ,74 бет. Рияд Маккатуль Мукаррама;
      б) Мухаммәд Әмир, Әль Иклил: 24 бет.
[6] Diyanet Isleri baskanligi, Ilmihal: 1- том, 212 бет; http://hayrettinkaraman.net/
      http://naseemalsham.com http://sorularlaislamiyet.com/

Тегтер: етеккір әйел
Пікірлер Кіру